Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті Семейдегі жаңа көпір құрылысының барысын тексерді

533

Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Семейдегі жаңа көпір құрылысының барысын тексеріп, жұмыстардың жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапары барысында жобаның іске асырылу қарқыны, құрылыс жұмыстарының сапасы және құрылыс кестесінің сақталуы қаралды.

«Көпірді реконструкциялау жобасы 2022–2026 жылдар аралығында жүзеге асырылуда. Нысанның жалпы ұзындығы 1 350 метрді құрайды. Оның ішінде 540 метрі — автожолға кіреберіс бөліктері, ал 810 метрі — көпірдің аралық құрылымы. Көпірдің ені 23 метр болады. Жоба аясында тоғыз тірек салу көзделген, қазіргі таңда оның сегізі тұрғызылды. Сонымен қатар нысанға жалпы көлемі 9 мың тонна болатын аралық құрылымның металл конструкциялары жеткізіліп, оның 4,7 мың тоннасы монтаждалды», — деп хабарлады Көлік министрлігі.

Анар Ғабдуллина жобаны уақытылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды және белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бұл жоба Абай облысының тұрғындары үшін аса маңызды. Реконструкция аяқталғаннан кейін көпір облыс орталығының екі жағалауы арасындағы көлік қатынасын ыңғайлы әрі қауіпсіз етіп, өткізу қабілетін арттырады және қаланың инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда», — деп толықтырды Көлік министрлігі.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: