Қытай компаниялары Абай облысына 2,5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр

448

Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжің қаласында Абай облысы мен қытайлық компаниялар арасында жалпы сомасы 2,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Абай облысының әкімі Берік Уәли Бейжіңде қытайлық компаниялар мен инвесторлардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, онда инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

«Алдымен өңір басшысы өнеркәсіпті жаңғырту, инфрақұрылым құрылысы және индустриялық парктерді дамытуға маманданған халықаралық инженерлік-инвестициялық „DDS Group“ компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Берік Уәли мен компания директоры Хуа Дунъи өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Мақаншы ауданының Бақты ауылында аумағы 3 мың гектар болатын индустриялық парк салуды көздейді. Жобаның құны 1,5 млрд. АҚШ долларына бағаланып отыр», — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар өңір басшысы ҚХР-ның жетекші өнеркәсіптік холдингтерінің бірі — «Jiachen Group» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.

Кездесу қорытындысында Абай облысының әкімдігі, «Liaoning Jiachen Holding Group» және «Xinjiang Sanbao Industrial Group» компаниялары Мақаншы ауданында алюминий зауытын салу жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Жобаның құны 1 млрд. АҚШ долларына бағаланады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі «China Railway Construction Engineering Group» (CRCEG) компаниясының өкілдерімен кездесіп, кәсіпорынның қызметімен танысты.

«Тараптар Абай облысында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективаларын, көлік-логистика желісін дамыту және құрылыс саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады», — деп толықтырды баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: