Абай облысында өңір алдындағы еңбегі үшін кәсіпкерлер марапатталды

94

Семейде кәсіпкерлер күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Онда облыс әкімі Берік Уәли бизнес өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, марапаттар табыстады.

«Сіздерді кәсіпкерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, шағын және орта бизнес — қалалар мен ауылдардың дамуының берік негізі. Шын мәнінде, кәсіпкерлік — ел экономикасының қозғаушы күші, халықтың әл-ауқатын арттыру мен өңірдің тұрақты дамуының маңызды тірегі. Кәсіпкерлеріміздің табанды еңбегі мен бастамаларының арқасында облысымыз күн сайын көркейіп келеді: қалалар мен ауылдар жаңарып, жаңа нысандар бой көтеруде, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Мұның бәрі туған өлкенің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлер еңбегінің және мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің айқын нәтижесі. Бүгінгі марапаттар — сіздердің көпжылдық еңбектеріңізге, өңір экономикасына қосқан үлестеріңізге және қоғам игілігі жолындағы қызметтеріңізге көрсетілген зор құрмет. Алдағы уақытта да кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, жергілікті өндірісті кеңейтуге және облысымызда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға басымдық бере береміз. Ел игілігі жолындағы адал еңбектеріңіз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Бизнестеріңіз өркендеп, жұмыстарыңыз жемісті, бастамаларыңыз сәтті болсын», — деді Берік Уәли.

Салтанатты іс-шара барысында өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлерге «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды.

Марапатталғандардың қатарында «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС басшысы Әсемхан Досқожанов, «ЭЙКОС» ЖШС басшысы Александр Соловьев, «СемАЗ» ЖШС басшысы Марат Макишев, «Қазполиграф» ЖШС басшысының орынбасары Қайрат Омарғалиев, «Шығыс ШПЗ» ЖШС басшысы Бекен Әлпиев, «Bayazit Life» ЖК басшысы Динара Тұрсынханова, «Роза» ЖШС басшысы Харис Сайфутдинов, «Kazakh National Brands» ЖШС басшысы Арман Машимов және «Тұмар-Кондитер» ЖШС басшысы Ойрат Темірбаев бар.

Сонымен қатар бірқатар кәсіпкер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

«Қазіргі уақытта Абай облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірде шағын және орта бизнестің 49 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді, бұл салада 97 мыңға жуық адам еңбек етеді. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында биыл жалпы сомасы 9,6 млрд. теңгені құрайтын 204 кәсіпкерлік жоба қаржылай қолдау тапты», — делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: