«Кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасаймыз»: Семейде кәсіпкерлер марапатталды

89

Осы аптада Семейде кәсіпкерлер күніне орай «Кәсіпкерлік — ел дамуының қозғаушы күші» атты ауқымды бизнес-форум өтті.

Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли мен қала әкімі Әділет Қожанбаев, сондай-ақ кәсіпкерлер, инвесторлар, «Қазақтелеком» АҚ, ұлттық банк, «DAMU» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдері қатысты.

Айта кетейік, мерекелік іс-шараның бас серіктесі «Қазақтелеком» АҚ-ның бизнес бағыты — «Kazakhtelecom Business» болды.

Форумда сөз сөйлеген қала әкімі кәсіпкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың қала экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға қосып жүрген үлесін атап өтті.

«Өткен жылдан бастап бұл күн елімізде ресми кәсіби мереке ретінде аталып өтеді. Бұл — ел экономикасын дамытып, халықты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлердің еңбегіне көрсетілген құрмет. Бүгінде Семейде 1500-ден астам сауда нысаны жұмыс істейді. Сіздер жаңа жұмыс орындарын ашып, қала экономикасының нығаюына үлес қосып келесіздер. Бизнесті қолдау мақсатында биыл арнайы салық режимі аясындағы салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Біздің міндетіміз — кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып, туындаған мәселелерді бірлесе шешу. Біз бизнесті ашуға және кеңейтуге қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз. Адал еңбектеріңіз бен қаланың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын», — деді Әділет Қожанбаев.

Салтанатты іс-шара барысында облыс орталығының дамуына үлес қосқан 9 кәсіпкер қала әкімінің «Құрмет» грамотасымен, тағы 6 кәсіпкер «Алғыс хатпен» марапатталды.

Форум соңы бизнес өкілдерінің құрметіне ұйымдастырылған мерекелік кешке ұласты.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: