Семейдегі вокзал құрылысы неге баяу жүріп жатыр?

68

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарының барысын тексеріп, мердігерлерге жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды.

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында еліміздегі 124 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр, және оның оны Абай облысында орналасқан.

Семейдегі теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары өткен жылдың шілде айында басталды. Жоба ғимаратты толық жаңартып, аумағын кеңейтуді көздейді. Жөндеу жұмыстары кезінде жолаушыларға қызмет көрсету үшін уақытша пункттер ұйымдастырылған.

«Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылысқа 60 жұмысшы мен 8 арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыс екі ауысыммен ұйымдастырылған. Қазір вокзал ғимаратының қасбетін қаптау, витражды әйнектерді орнату, ішкі әрлеу және керамикалық тақтайшаларды төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар эскалаторларды монтаждау және вокзал перронын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар Берік Уәли вокзалды реконструкциялау мерзімінің бұзылуына байланысты мердігер ұйымның жұмысын сынға алып, қатаң ескерту жасады. Ол мердігерлерге жұмыс қарқынын едәуір жеделдетіп, жұмысшылар санын арттыруды тапсырды. Ал облыс әкімінің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасары мен бейінді басқарма басшысына жұмыстардың сапасын күнделікті бақылауды міндеттеді.

«Теміржол вокзалының ашылуын мыңдаған адам күтіп отыр. Сіздер өте баяу жұмыс істеп жатырсыздар. Құрылыс қарқыны тым төмен. Осыдан үш апта бұрын осында келген едім, содан бері ештеңе өзгермеген десе де болады. Ешқандай ілгерілеу байқалмайды. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Мердігер компания халықтың алдында бізді ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Құрылыс қарқынын жеделдетіп, жұмысшылар санын бірнеше есе арттыру қажет. Ең бастысы — орындалып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлу керек», — деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл өңірдегі бірнеше теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді. Маусым айында Бородулиха ауданындағы «Белағаш» және «Ауыл» станцияларының вокзалдары, тамызда Жарма ауданындағы «Шар», «Үшбиік» және «Жарма» станцияларының, Курчатов қаласындағы «Дегелең» станциясының, сондай-ақ Мақаншы ауданындағы «Жалаңашкөл» станциясының вокзалдары ашылды.

Семейден бөлек, қазір Аягөз қаласы мен Ақтоғай кентіндегі теміржол вокзалдарында да құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: