Семейде және аудандарда не салынады: өңірге 20,6 млрд. теңге инвестиция тартылады

126

Абай облысының әкімдігінде облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда 14 инвестициялық жоба мақұлданды.

Отырыс барысында Семейде тәулігіне 250 тонна жем ұнын өндіретін бидай мен арпаны қайта өңдеу зауытын, қосалқы көлік қызметі нысандары бар қойма кешенін, жүктерді сақтауға арналған қойма үй-жайларын, сауықтыру-санитарлық кешенін, шағын индустриялық паркі бар көлік-логистикалық орталықты, бес жұлдызды қонақүй-мейрамхана кешенін, сондай-ақ күндізгі стационары бар заманауи көпбейінді емхана салу жобалары қаралды.

Ауқымды жобалар, солай емес пе?

Сонымен қатар облыс орталығында «Семей — Павлодар» автожолы бойында жол бойындағы сервистік қызмет көрсету кешені мен кемпинг, Шығыс кентінде жол бойындағы сервистік нысандары бар тағы бір кемпинг, сондай-ақ қаланың өзінде заманауи сауықтыру кешенін салу жобалары таныстырылды.

Ал Жаңасемей ауданында ірі қара мал өсіруге арналған мал шаруашылығы кешенін құру, тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып жүгері мен кондитерлік күнбағыс өсіру, сондай-ақ көкөніс, майлы және бұршақ дақылдарын өсіруге арналған жаңбырлатқыш қондырғылар мен тамшылатып суару жүйелерін сатып алу жобалары ұсынылды.

Сондай-ақ Бесқарағай ауданында ағаштар мен көпжылдық дақылдар өсіретін тәлімбақ салу жобасы қаралды.

Берік Уәли отырысқа қатысушыларға инвесторларды сапалы сүйемелдеу және туындаған мәселелерді жедел шешу — қала мен аудан әкімдерінің тікелей функционалдық міндеті екенін еске салды.

«Бүгін қаралған инвестициялық жобалардың әрқайсысы өңір экономикасының тұрақты дамуы үшін айрықша маңызға ие. Инвесторларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді жедел шешу және қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету — қала мен аудан әкімдерінің тікелей функционалдық міндеті. Инвесторлардың барлық өтініштері уақтылы қаралуы тиіс, әкімшілік кедергілерге жол берілмеуі керек. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде қажетті қолдау шараларының барлығын қамтамасыз етуге тиіс. Өңірлік үйлестіру кеңесі мақұлдаған барлық инвестициялық жобаны ерекше бақылауға алып, қабылданған шешімдердің толық әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті облыс әкімі.

Әкімдіктің мәліметінше, облыста инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда жалпы құны 34,6 млрд. теңге болатын 14 жоба іске қосылып, 598 жаңа жұмыс орны ашылған.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың қатарында құны 577,5 млрд. теңге болатын «Аягөз — Бақты» теміржол желісінің құрылысы, «MIRYILDIZ KZ LTD.» компаниясының құны 255 млрд. теңге болатын алтын өндіру фабрикасы, сондай-ақ құны 560,5 млрд. теңге болатын «Айдарлы» тау-кен байыту комбинаты бар.

Сонымен қатар Мақаншы ауданында «АА Agro Semey» ЖШС құны 48,5 млрд. теңге болатын AI-агроэкожүйе құру жобасын жүзеге асыруда, ал «EurasiaAgro Semey» ЖШС жалпы құны 7,7 млрд. теңге болатын ет өңдеу кешенін салу жобасын іске асыруда.

«Бұл жобаларды іске асыру өңірдің өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», — деп толықтырды әкімдікте.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: