Облыс әкімі Семейдегі әскери бөлімге барды: сарбаздарға қандай жағдай жасалған?

5

Өткен сейсенбі, 8 қыркүйекте, республикалық деңгейде армия дәстүрлерін жаңғырту аясында жүзеге асырылып жатқан әскерге шақырылушыларды әскери қызметке шығарып салудың жаңа форматы енгізілгені туралы жазған едік.

Сол салтанатты шарадан кейін өңір басшысы Берік Уәли Семейде орналасқан №28738 әскери бөлімге барып, оның жұмысымен, әскери қызметшілердің қызмет жағдайымен және материалдық-техникалық базасымен танысты.

Мәліметке сәйкес, мұнда шамамен 1000 сарбаз мерзімді әскери қызмет атқарады. Ауқымы аз емес екені көрініп тұр.

«Әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығына, олардың тұрмыстық жағдайына және қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінеді. Сапар барысында облыс әкімі әскери бөлімнің казармалық-тұрмыстық жағдайымен, оқу-жаттығу базасымен және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен танысты», — деп атап өтті әкімдікте.

Берік Уәли әскери бөлім аумағын аралап, мұнда қызметтің қалай ұйымдастырылғанын көрді. Әскери қызметшілердің техникалық жабдықталуы мен киім үлгісінен бастап, олардың тұрып, қызмет ететін жағдайларына дейін назар аударды.

Әкім сарбаздар асханасын да назардан тыс қалдырмады. Бұл кезде әскери қызметшілер дастархан басында түскі ас ішіп отырған. Ал дастарханның үсті бірінші және екінші тағамдар, салат пен компот, сондай-ақ нан мен жеміс-жидек салынған себеттерге толы болды.

«Бүгін мен сіздерге облыс әкімі ретінде ғана емес, еліміздің азаматы ретінде де үн қатқым келеді. Бүгін сіздер сапта тұрсыздар, әскери ант қабылдадыңыздар. Сіздерге біз үшін ең қымбат құндылықтар — еліміздің бейбітшілігі, тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі сеніп тапсырылды. Бүгінде мемлекет әскери қызметшілерге айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Әскер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қызмет жағдайлары жақсаруда, әскери даярлық сапасы артып келеді. Сондықтан әрбір сарбаз түсінуі керек: әскерде өткізген бір жыл — жоғалған уақыт емес. Бұл — мүмкіндіктерге толы кезең», — деді Берік Уәли.

Сонымен қатар әскери қызметшілерге, сондай-ақ отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың ата-аналарына облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Берік Уәлидің әскери бөлімге жасаған сыйлығын да атап өткен жөн — ол сарбаздарға караоке аппаратурасын сыйлады. Ендігі әскери қызмет мәнді әрі әнді болмақ.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: