Осы дүйсенбі, 27 сәуір күні, Бородулиха ауданында орналасқан «Шығысцветмет» ЖШС-нің Орлов шахтасында төтенше жағдай орын алды.
Тау-кен өндіру компаниясы «KAZ Minerals» мәліметінше, тау массасының опырылуы салдарынан бір қызметкер қаза тапты, тағы бір зардап шеккен адам Семей қаласының ауруханасына жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
«Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Кешенді тергеу жүргізілуде. Компания қаза тапқан қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оның отбасына барлық қажетті қолдау көрсетеді. Зардап шеккен қызметкерге де жан-жақты көмек беріледі», — деп хабарлады «KAZ Minerals» компаниясы.
Бұл дерек бойынша полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тірі қалған кенші ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта реанимация бөлімінде жатыр.
Еске салайық, бұған дейін компанияның баспасөз қызметі 2026 жылғы 19 наурыз күні сағат 11:00 шамасында сол Орлов шахтасында зиянды газбен улану белгілері бар екі жұмысшының денесі табылғанын хабарлаған болатын. Зардап шеккендердің бірі ауруханаға барар жолда көз жұмса, екіншісіне медициналық көмек көрсетілген.