Абай облысында ер адам интимдік фотосуреттерді таратқаны үшін 3 жылға сотталды

750

Жарма аудандық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы — жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу бойынша айыпталған жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Іс материалдарына сәйкес, ер адам бұрыннан таныс әйелдің смартфонын тауып алған. Алайда оны заңды иесіне қайтарудың орнына жәбірленушінің жалаңаш немесе іш киіммен түскен 67 фотосуретін өз құрылғысына көшіріп алған.

Сонымен қатар ол хабарламаларға қол жеткізіп, қыздың жеке хат алмасуымен танысқан.

«Жәбірленуші араласқан адамдарға қызғаныш танытқан ер адам оның келісімінсіз аталған фотосуреттерді жәбірленушінің екі танысына жіберіп, сол арқылы оның жеке өміріне қатысты құпия мәліметтерді таратқан», — деп хабарлады сот.

Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Өз кезегінде жәбірленуші онымен татуласқанын, кешірім бергенін және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

«Қылмыстық іс қысқартылған тәртіппен қаралды, өйткені сотталушы тағылған айыпты толық мойындады, ал процеске қатысушылар жиналған дәлелдемелерге дау келтірмеді. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кінәсін мойындауын, өкінуін, бұрын сотталмағанын, зейнет жасындағы ата-анасының асырауында екенін, жәбірленушімен татуласқанын және оның бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындау туралы өтінішін ескерді», — деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.

Нәтижесінде сот ер адамды кінәлі деп танып, оған үш жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: