Премьер-министрдің бақылауында: жедел штаб Абай облысындағы орман өртінің аумағы мен сипаты туралы мәлімет берді

371

Сағат 15:00–дегі жедел мәліметке сәйкес, өртті сөндіруге «Семей орманы» резерватының орман күзетінің 97 қызметкері мен 38 техникасы, ҚР ТЖМ-нің 158 қызметкері мен 22 техникасы, ҚР ІІМ-нің 101 қызметкері мен 25 техникасы, сондай-ақ су төгу құрылғыларымен жабдықталған «Қазавиаорманқорғау» РМК-ның екі тікұшағы, ҚР Қорғаныс министрлігінің «МИ-17» тікұшағы және ҚР ҰҚК-нің «МИ-8» тікұшағы жұмылдырылды.

Жалпы авиация күшімен 82 мәрте су төгілді. Оның ішінде «Қазавиаорманқорғау» РМК тікұшақтары — 58, «МИ-17» тікұшағы — 19 және «МИ-8» тікұшағы — 5 рет су төкті. Төгілген судың жалпы көлемі шамамен 90 тоннаны құрады.

«Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің аумағы шамамен 60 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орманда орын алған. Өрт төменгі қабатта таралып, кей жерлерде жоғары өртке ұласуда. Қазіргі уақытта өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жағдай премьер-министрдің жеке бақылауында», — деп хабарлады ҚР Экология министрлігі.

ҚР ТЖМ мәліметінше, бұған дейін эвакуацияланған балалар мен лагерь қызметкерлері — барлығы 220 адам, оның ішінде 190 бала мен 30 қызметкер Семей қаласына жеткізілді.

«Өртті сөндіру күштерін күшейту мақсатында өрт орнына Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан, сондай-ақ Астана қаласынан ТЖМ қосымша бөлімшелері, „Семей орманы“ резерватының, „Ертіс орманы“ орман шаруашылығының күштері және ТЖМ әскери бөлімінің жеке құрамы жіберілді», — деп толықтырды ведомство.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: