Абай облысында адам өліміне әкелген жол апаты болды

1090

Бүгін, 9 шілде күні таңертең сағат 08:40 шамасында Абай облысы Жарма ауданы Жарма ауылының маңындағы «Алматы — Өскемен» автожолының 885-шақырымында төрт көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, «Volkswagen Polo» автокөлігінің жүргізушісі көлік басқару кезінде назарын басқа жаққа аударып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, «Volvo» жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соның салдарынан жол апатына «Toyota Windom» жеңіл автокөлігі мен «DAF» жүк көлігі де қатысқан.

Жол апаты салдарынан «Volkswagen Polo» автокөлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар түрлі дене жарақаттарын алған тағы бірнеше адам медициналық мекемеге жеткізілді.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — деп хабарлады Абай облысы ПД.

Алдын ала мәлімет бойынша, адам өліміне әкелген жол апатына кінәлі болған жеңіл автокөлік жүргізушісіне бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

«Абай облысының полиция департаменті еске салады: автокөлікті басқару толық зейінді талап етеді. Ұялы телефонды пайдалану, хабарлама жазу, сөйлесу, көлік салонынан зат іздеу және жүргізушінің назарын жолдан аударатын кез келген әрекет жол-көлік оқиғасының қаупін едәуір арттырады. Рөлде отырған кезде алаңдамаңыздар. Жол қозғалысын мұқият бақылап, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыздар. Сіздің қырағылығыңыз адам өмірін сақтап қалуы мүмкін», — деп толықтырды ведомство.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: