Шомылу маусымы басталғалы Абай облысы жағындағы Алакөлде екі адам қаза тапты

589

Шомылу маусымы басталғалы бері Абай облысы жағындағы Алакөл көлінде адам өліміне әкелген екі қайғылы оқиға тіркелді.

Алғашқы қайғылы жағдай 28 маусым — бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні болды. Сол күні Алакөл жағасында 38 жастағы журналист көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, әйелдің кенеттен жағдайы нашарлап, кейін есінен танып қалған.

Оқиға туралы «103» қызметінің диспетчерінен хабарлама Мақаншы аудандық полиция бөліміне кешкі сағат 18:00 шамасында түскен. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Екінші қайғылы оқиға 1 шілде күні тіркелді — Алакөл жағалауын патрульдеу кезінде Қасым Қайсенов атындағы №68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жағалаудан шамамен 50 метр қашықтықта шомылуға тыйым салынған жерде суға батып бара жатқан екі адамды байқаған.

«Әскери қызметшілер дереу құтқару жұмыстарына кірісті. Оларға оқиға куәгерлері де көмектесті. Нәтижесінде қатты жел мен толқынның әсерінен жағалаудан шамамен 50 метрге алыстап кеткен анасы мен қызы судан шығарылды. Екеуі де суға бату жағдайында болды», — деп хабарлады бізге Абай облысы ТЖД.

Құтқарушылар 14 жастағы қыздың өмірін аман алып қалды. Алайда оның 35 жастағы анасын құтқару мүмкін болмады.

Абай облысы ТЖД өңір тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Себебі жабдықталмаған және шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсу адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Сондай-ақ құтқарушылар ауа райы жағдайын ескеріп, қатты жел мен толқын кезінде суға түспеуге кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: