Абай облысының мектептеріне 10 жаңа мектеп автобусы табысталды

3

Бүгін, Республика күні қарсаңында, облыс әкімі Берік Уәли өңірдің қалалары мен аудандарындағы білім беру ұйымдарына арналған жаңа мектеп автобустарының кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсіміне қатысты.

Өңір басшысы жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, сапалы білім алуға жағдай жасау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде оқитын ұлт қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Біздің ортақ міндетіміз — оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау, кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ой-өрісін кеңейту. Сондықтан біз балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдайды жасап, білімді әрі саналы азамат болып өсуіне мүмкіндік беруіміз керек. Ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде тұратын балалардың мектепке қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз ету үшін лизингке 50 мектеп автобусын сатып алдық. Бүгін облыстың қалалары мен аудандарына 10 жаңа, заманауи әрі қауіпсіз мектеп автобусының кілттерін табыстап отырмыз. Қалған 40 автобус желтоқсан айында беріледі. Біздің мақсатымыз — ауыл және қала балаларына білім алуда тең мүмкіндік жасау. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әр бала сапалы білім алуға қол жеткізуі керек», — деді Берік Уәли.

Мұғалімдер мен ата-аналар қуаныштарын жасырмады. Енді балалардың мектепке қатынауы әлдеқайда қолайлы болмақ. Өңіріміздің күрт континенттік климатын ескерсек, бұл әсіресе маңызды.

«Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Бұған дейін, әсіресе қыс мезгілінде, оқушыларды дизельді қозғалтқышы бар автобустармен тасымалдау кезінде бірқатар қиындықтар туындайтын. Жаңа автобустардың берілуі осы мәселені шешуге үлкен көмек болады. Бұл — мектеп ұжымы үшін ғана емес, Сарыарқа ауылының ата-аналары мен тұрғындары үшін де қуанышты жаңалық. Ауыл тұрғындары да алғыстарын білдіруде. Жаңа автобустар оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз ететініне сенімдіміз», — деді Жарма ауданы Төлеу Қобдықов атындағы орта мектептің мұғалімі Қаламқас Әжімбетова.

Атап өтілгендей, отандық өндірістегі «ПАЗ-32053-70» маркалы жаңа автобустар балаларды тасымалдауға арнайы арналған. Әр автобус 23 жолаушыға есептелген және төрт нүктелі қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған. Автобустарда пневматикалық тежеу жүйесі, жолаушылар салонын жылыту жүйесі, сондай-ақ балалардың мінуі мен түсуін бақылауға мүмкіндік беретін жарықтандырылған есік ойықтары қарастырылған.

Бұдан бөлек, әр автобуста екі дәрі қобдишасы, екі өрт сөндіргіш, апаттық тоқтау белгісі, GPS жүйесі және бейнетіркеу құралдары бар. Көлік құралдары сары түске боялған. Алдыңғы, артқы және бүйір бөліктеріне балалар тасымалданатынын білдіретін арнайы белгілер мен жазулар орналастырылған. Сондай-ақ жүргізушіге арналған дабыл түймесі қарастырылған.

Техникалық сипаттамаларына сәйкес, автобустардың ұзындығы — 6,9 метр, ені — 2,5 метр, биіктігі — 2,96 метр.

«Бүгін жаңа автобустар Семей қаласының, сондай-ақ Аягөз, Үржар, Ақсуат, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Бородулиха және облыстың басқа да аудандарындағы мектептерге табысталуда. Бұл ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерден қатынайтын оқушылардың күнделікті жол жүруін жеңілдетіп, білім алуына қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», — делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: