Семейде Амре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның 81-концерттік маусымының ашылуына арналған «Әуелеген әуендер» концерті өтті.
Кеш қонақтарының қатарында қала әкімі Әділет Қожанбаев та болды. Ол облыс әкімі Берік Уәлидің қолдауымен филармония алдындағы қоғамдық кеңістік абаттандырылғанын атап өтті. Жүргізілген жұмыстар ғимарат маңындағы аумақты айтарлықтай өзгертіп, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді.
«Филармония алдындағы қоғамдық кеңістікте өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл аумақ жаңарып, жаңа келбетке ие болды. Кеңістіктің жаңаруымен қатар филармонияның шығармашылық өміріне де жаңа серпін берілді. Секен Тұрысбекұлы басшылыққа келгеннен кейін әртістердің де екінші тынысы ашылғандай, жаңа шабытпен еңбек етіп келеді», — деді қала әкімі.
«Әуелеген әуендер» концерті көрермендерге жарқын әсер сыйлап, өнердің әсемдігі мен музыканың қуатын сезінуге мүмкіндік берді. Жаңа маусымның ашылуы әртістер мен көрермендер үшін музыкаға деген сүйіспеншілік пен шығармашылық ізденісті тоғыстырған жаңа кезеңнің бастауы болды.