Семей гүлдердің құлпыруымен құлпыра түсті

143

Семей тұрғындары «Зеленстрой» ЖШС мердігер ұйымының гүл өсірушілер бригадасы отырғызған гүлдердің жайқалып гүлдеген шағына куә болуда.

Бас агроном Татьяна Владимировнаның айтуынша, биыл қалада әртүрлі түрдегі 3 700-ден астам гүл отырғызылған. Гүлзарлардың жалпы аумағы 7 400 шаршы метрді құрады. Гүл композициялары қаланың оң және сол жағалауындағы негізгі көшелер мен қоғамдық орындарға орналастырылған.

Мамандар гүлдерді жай ғана отырғызып қойған жоқ, олар қазақы ою-өрнектер мен түрлі бейнелер түріндегі сан алуан композициялар жасады. Солардың ішіндегі ең көзге түсетіні — Абай көшесінен Тұрлыханов даңғылына қарай аспалы көпірге шығатын айналма жолдағы алып «СЕМЕЙ» гүл жазуы.

Алайда алдағы жоспарлар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта қалада раушан гүлдерінің санын көбейту, жаңа гүлзарлар жасау, көгал алаңдарын кеңейту, сондай-ақ ағаштар мен сәндік бұталар отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар облыс пен қала әкімдерінің өңір орталығын абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы саясатына сәйкес жүзеге асырылуда.

Біржылдық гүлдерді отырғызу жұмыстары мамыр айының ортасында басталған болатын. Мамандар дәл осы кезеңді отырғызуға ең қолайлы уақыт деп есептейді. Көшеттер ақпан айының соңынан наурыздың соңына дейін өсіріледі, ал мамырдың екінші жартысында, көктемгі үсік қаупі толық сейілгеннен кейін, ашық жерге көшіріледі.

Шілде мен тамыз айлары — гүлдердің ең жайқалып гүлдейтін кезеңі. Бұл көрініс алғашқы күзгі суықтарға дейін жалғасады.

Бұл әсемдік ұзаққа созылмаса да, дәл осы гүлдер қалаға жаздың жарқын бояуын сыйлайды. Біздің ойымызша, бұл жапонның «моно-но аварэ» эстетикалық ұстанымымен үндеседі. Яғни, гүлдің қысқа ғұмырына деген жеңіл мұң, оның сұлулығына деген сүйсініс және жыл сайын Семейді көркейтіп жүрген жандардың еңбегіне деген шынайы алғыс.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: