Семейліктер бір жарым жылдан кейін брендтік киімдерді сатып алуға мүмкіндік алады

847

Абай облысының әкімі Берік Уәли мен қала әкімі Әділет Қожанбаев көпфункционалды «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығының құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Абай, Ұранхаев, Шәйжүнісов көшелері мен Шәкәрім даңғылының аралығында салынып жатқан ауқымды кешеннің құрамына дүкендер, демалыс және ойын-сауық аймақтары кіреді. Сондай-ақ жоба шамамен 1000 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.

Құны 26 млрд. теңгені құрайтын жоба бұрынғы иелерінен ұзақ жылдар бойы аяқталмай тұрған нысанды сатып алған жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатыр.

Жобаға сәйкес, сауда-ойын-сауық орталығында 10 кинозалы бар кинотеатр, фудкорт, мейрамханалар мен кафелер, үлкен балалар ойын-сауық орталығы, сауда галереялары, ірі дүкендер мен бутиктер орналасады. Алайда болашақ кешеннің басты ерекшелігі — бұған дейін Семейде болмаған танымал брендтердің келуі.

Алдында жазғанымыздай, Шәйжүнісов көшесінің Шәкәрім даңғылынан Ұранхаев көшесіне дейінгі бөлігі абаттандырылған жаяу жүргіншілер аллеясына айналады. Ол сауда-ойын-сауық орталығын қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан бұрынғы зооветеринария институтының ғимаратымен байланыстырады.

Ал тұрақ мәселесі, уәде етілгендей, 184 орындық жерасты автотұрағы арқылы шешілмек.

Жалпы, нысанды 2027 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр. 2019 жылдан бері созылып келе жатқан құрылысты ескерсек, қалған бір жарым жыл енді соншалықты ұзақ уақыт болып көрінбейді.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: