Семейде жалпыхалықтық «Наурызнама» онкүндігі басталды

27

Семейде Қарағайлы шағын ауданындағы жаңа Республика алаңында жалпыхалықтық «Наурызнама» онкүндігі аясында «Көрісу» күніне орай «Семейдің мәдени маусымдары» жобасы басталып, «Семей көктемі» фестивалі ұйымдастырылды.

Алаңға сахна қойылып, киіз үйлер тігілді. Фестивальдің өзі «Амал құтты болсын» деген сөзбен үлкендер мен жастардың кездесуі дәстүрін көрсететін театрландырылған қойылыммен басталды, сондай-ақ бата беру — аластау рәсімі де сахналанды.

«Семейдің мәдени маусымдары» жобасы аясында облыс орталығында төрт жыл мезгіліне арналған фестивальдер өткізіледі: «Семей көктемі», «Семей жазы», «Семей күзі», «Семей қысы».

«Осылайша, жыл бойы халқымыздың өнері мен мәдениеті жаңа мазмұнды форматта ұсынылатын болады. Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы да өзінің әйгілі өлеңдерінде төрт жыл мезгілін жырлаған: «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс». Біздің жоба да осы ұлы ойшылдың шығармаларынан шабыт алған», — деді облыс әкімі Берік Уәли.

Сонымен қатар, өткен жылдың күзінде ашылған жаңа Республика алаңында мемлекеттік ту көтерілетін баған орнатылып, мемлекеттік туда енді тұрақты түрде желбіреп тұрады.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: