Семейде — «сатып алу-сату» қаласында стихиялық сауда мәселесі әлі де қарастырылып жатыр

28

Әкімдікте қала әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалығымен кәсіпкерлермен көшедегі сауданы реттеу және заңдастыру мәселелері бойынша кездесу өтті. Атап айтқанда, талқылауға орталық жағалау, Бейбітшілік аралы, саябақтар, Мұхтар Әуезов алаңы және көпір асты аумақтарында стихиялық саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлер қатысты.

Әкімдіктің ақпаратына сәйкес, кездесуде қоғамдық орындардағы рұқсат етілмеген сауданың облыс орталығының келбетіне, санитарлық жағдайына, тұрғындардың денсаулығына тигізетін кері әсері талқыланды. Сондай-ақ бұл мәселенің адамдар көп жиналатын орындарда — ең алдымен демалыс аймақтарында өзектілігі ерекше атап өтілді, бұл орындар қазірдің өзінде стихиялық «базар-вокзалға» айналып кеткен.

Кәсіпкерлік бөлімінің хабарлауынша, сатушыларға ҚР ӘҚБтК нормалары — «Белгіленбеген орындарда сауда жасау» және «Мемлекеттік жер меншігі құқығын бұзу» туралы, сондай-ақ бұл бұзушылықтар үшін қарастырылған айыппұл түріндегі жауапкершілік туралы ескертілді. Бірақ мұндай ескертулер «сатып алу-сату» қаласындағы сауданы қашан тоқтатып еді?

«Кейбір кәсіпкерлердің келісімшарттары жоқ, олар заңсыз жұмыс істейді. Ерте ме, кеш пе адамдарда сұрақ туындайды: неге біреуге рұқсат етіледі, ал біреуге — жоқ. Заң баршаға бірдей болуы керек. Егер санитарлық талаптар сақталмаса және қажетті құжаттар болмаса, мұндай сауда нүктелерін қалада жабу қажет», — деді қала әкімі.

Кеңестен кейін келесі күні кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері полициямен бірге Мұхтар Әуезов даңғылы бойында («Жаңа құрылыс» ауданында), сондай-ақ Глинка және Чехов көшелерінде рейд жүргізді.

«Белгіленбеген орындарда сауда жасайтындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді: оларға қолданыстағы заңнаманы бұзу фактілері туралы хабар беріліп, сауданы стационарлық сауда нысандарында жүргізу ұсынылды. Сондай-ақ стационарлық емес нысан иелеріне мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін тиісті рұқсат құжаттарынсыз пайдаланбау ескертілді», — деп хабарлады кәсіпкерлік бөлімінде.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: