Әділетті өзгерістер — әр тұрғынның өмір сапасынан басталады

16

500 бейнебақылау камерасы, 2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй, 678 шақырым жөнделген жол, 43 елді мекендегі су жүйелерін жаңғырту. «Әділет» партиясының Абай облысына арналған сайлауалды бағдарламасы нақты межелер мен тұрғындардың өміріне тікелей әсер ететін міндеттерге негізделген.

Осы басымдықтар «Медициналық университет Семей» КеАҚ ұжымымен өткен кездесуде талқыланды. Жиында «Әділет» партиясының кандидаттары Алтай Дюсупов, Айнұр Арғынбекова, Анжела Маслова, Ербол Түскенов және Мұхит Тұрсынов сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, алдағы жылдарға жоспарланған нақты нәтижелерді түсіндірді.

Бағдарламада өңірдің инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше мән берілген. 2031 жылға дейін 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу, 43 елді мекенде су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын салу және реконструкциялау, 678 шақырым жолды жөндеу көзделген. Сонымен қатар Семей қаласында жылумен жабдықтау желілеріне қатысты 20 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Әлеуметтік салада да ауқымды міндеттер бар. Оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 5 200 орындық 8 мектеп салу, денсаулық сақтаудың 12 нысанын пайдалануға беру, 21 спорт нысанын салу және реконструкциялау көзделген. Алдағы кезеңде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 2031 жылға қарай 77 жасқа жеткізу межеленген.

Ауылдық аумақтарды дамыту да назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, 178 ауылды спутниктік және талшықты-оптикалық байланыспен қамтамасыз ету, ауылға барған 527 маманға әлеуметтік қолдау көрсету, су үнемдеу технологияларын қолданатын суармалы жер көлемін 88,2 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.

Кездесу барысында спикерлер бағдарламаның мәні тек жоспарлар мен көрсеткіштерде емес, олардың әр тұрғынның өмірінде сезілуінде екенін атап өтті.

«Әділетті қоғам құру тек заң мен тәртіпті талап етумен шектелмейді. Ол әр азаматтың сапалы білім алуына, медициналық көмекке қол жеткізуіне, адал еңбегінің бағалануына және өз болашағына сеніммен қарауына мүмкіндік жасаудан басталады. Сондықтан біз үшін әрбір ұсыныс пен көтерілген мәселе нақты жұмысқа негіз болуы керек», — деді Айнұр Арғынбекова.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, университет ұжымы өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

 

Дайындады: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: Ибраев А.М.

Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: