«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы «Қазполиграф» ұжымына таныстырылды

25

Жаңа мектептер, жөнделген жолдар, қолжетімді медициналық көмек және сапалы коммуналдық қызметтер — өңір дамуының нақты көрсеткіштері. «Әділет» партиясының Абай облысы бойынша 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы «Қазполиграф» кәсіпорнының ұжымына таныстырылып, алдағы бес жылда қол жеткізу көзделген нәтижелер мен халық алдындағы есептілік тетіктері талқыланды.

Кездесуде Саят Танатаров, Азамат Игібаев, Марат Макишев, Ербол Тускенов, Ануар Абдулдин, Арайлым Әлімжанова, Әйгерім Жұмақанова, Анжела Маслова және Мұхит Тұрсынов спикерлік етті. Олар бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға арналған нақты міндеттерге тоқталды.

Бағдарламада 2031 жылға дейін облыстың 43 елді мекенінде су құбыры желілері мен су тарту құрылыстарын салу және реконструкциялау арқылы 109 мыңнан астам тұрғынның өмір сүру сапасын жақсарту көзделген. Сонымен қатар 678 шақырым жолды жөндеп, нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 97%-ға жеткізу, 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланған.

Әлеуметтік салада 5 200 оқушы орнына арналған 8 мектеп салу, жыл сайын кемінде 100 орындық мектепке дейінгі ұйымдарды пайдалануға беру, 12 денсаулық сақтау нысанын салу міндеттері белгіленген. Сондай-ақ спортпен жүйелі айналысатын халықтың үлесін 53%-ға дейін арттыру және өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа жеткізу көзделеді.

Саят Танатаров бағдарламаның басты ерекшелігі — әрбір міндеттеменің нақты көрсеткіштермен өлшенуі екенін атап өтті.

«Кез келген бағдарламаның құндылығы оның қағазда жазылған мақсаттарымен емес, адамдардың өміріне әкелген өзгерістерімен бағаланады. Тұрғындар сапалы медициналық көмекке қол жеткізіп, балалар заманауи мектепте білім алып, ауылдарға таза су келсе — бұл нақты нәтиже. Сондықтан әрбір жоспардың орындалу барысы ашық әрі түсінікті болуы керек», — деді ол.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, кәсіпорын ұжымы өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Партия өкілдері халықпен кері байланысты жалғастырып, көтерілген мәселелерді бағдарламаны іске асыру аясында назарда ұстаудың маңызын жеткізді.

 

Дайындады: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: Ибраев А.М.

Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: