Семейде қала инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды

80

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен облыс әкімдігінде Семей қаласын дамыту мәселелері бойынша арнайы кеңес өтті.

Кеңес барысында «Абайға құрмет» акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар, қаланың бас жоспарын және әкімшілік-іскерлік орталығының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу, жол және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ үкімет қаулысында көзделген жобалардың орындалу барысы қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілесов, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мекетаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Аслан Оқасов, сондай-ақ қала әкімі Әділет Қожанбаев баяндама жасады.

Қазіргі уақытта Семейде «Абайға құрмет» акциясы аясында бірқатар әлеуметтік, мәдени, білім беру және спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың кейбірі бойынша жобалау жұмыстары жалғасып, қажетті құжаттар рәсімделуде.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қарағайлы шағын ауданында 1400 оқушыға арналған төрт қабатты «BINOM» мектебінің құрылысы басталды.

«Облыс орталығында 300 орындық көпбейінді облыстық аурухана мен көпбейінді облыстық балалар ауруханасын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар драма театр, стадион және өнер орталығының құрылысын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады әкімдікте.

Кеңесте Семей қаласының бас жоспары мен әкімшілік-іскерлік орталығының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына ерекше назар аударылды. Бұл құжаттарды уақтылы әзірлеу жаңа нысандардың құрылысын бастау, жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік желілерді тарту үшін маңызды.

Бұдан бөлек, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта салынып жатқан нысандарды электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз ету мәселелері жеке қаралды. Сондай-ақ Қарағайлы шағын ауданын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамту жайы талқыланды.

«Кеңеске қатысушылар Семейдің жол инфрақұрылымын дамыту және мердігер ұйымдары үкімет қаулысымен айқындалған жобаларды іске асыру мәселелерін қарады. Сондай-ақ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мен Семей қаласы әкімдігінің құзыретіне кіретін міндеттердің орындалу барысы талқыланды», — деп толықтырды әкімдікте.

Облыс орталығының жол инфрақұрылымын дамыту аясында бірқатар ірі жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтқанда, Шугаев және Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы көлік айрығын қайта жаңғыртып, көлік қозғалысын әртүрлі деңгейде ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Семей қаласын дамытуға бағытталған әрбір жобаның іске асырылуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Бүгінде облыс орталығында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ең бастысы — әрбір жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы мен үкімет бұл мәселелерді бақылауда ұстап отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет», — деп атап өтті облыс әкімі Берік Уәли.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: