Абай облысы алдағы бес жылда қандай міндеттерді жүзеге асыруы тиіс — «Әділет» партиясы өңірлік бағдарламасын таныстырды

23

Өңір экономикасының дамуы білікті мамандарға, ал жастардың болашағы сапалы білім мен тұрақты жұмысқа тікелей байланысты. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері «Әділет» партиясы өкілдерінің «Көлік колледжі» КМҚК ұжымымен кездесуінде талқыланды. Жиында 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылды.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, кәсіби білім беру сапасын арттыру және жастардың еңбек нарығына бейімделуі мәселелеріне назар аударылды. Штаб мүшелері бағдарламаның негізгі міндеттерін түсіндіре отырып, колледждерде сұранысқа ие мамандар даярлау, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және өндіріс орындарымен байланысты кеңейту бағыттарын атап өтті.

Думан Орынбеков өз сөзінде партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасындағы нақты міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, 2031 жылға дейін 5 200 орындық 8 мектеп, 300 орындық көпбейінді және 200 орындық балалар ауруханасын салу жоспарланғанын айтты. Ал Ербол Түскенов өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсарту және жастарды жұмыспен қамту бағытындағы міндеттерге тоқталды. Оның айтуынша, бағдарлама аясында 678 шақырым жолды жөндеу, жыл сайын 450 жасты «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмыспен қамту және 1 000 жасты «Жасыл ел» жобасына тарту жоспарланған. Мұхит Тұрсынов өз сөзінде өңірде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, 2031 жылға дейін облыста 3 спорт кешенін, 9 спорт модулін және 3 бассейн салу көзделген.

Ал Мирас Малгаждаров өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен және тұрақты мобильді байланыспен қамтамасыз ету, IT-инфрақұрылымды жетілдіру — уақыт талабы. Сонымен қатар Семей қаласында фото-бейнетіркеу және бейнеталдау жүйесін 2 194 камераға дейін кеңейту, жасанды интеллект технологияларын енгізу қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Кездесу қорытындысында партияның әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс құндылықтары өңірлік міндеттерді жүзеге асырудың негізі екені айтылды. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын жергілікті деңгейде іске асыру, халықпен тұрақты байланыс орнату және қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.

Қатысушылар өңірдің дамуы жоспарланған жобалардың санымен ғана емес, олардың тұрғындардың күнделікті өміріне әкелетін нақты нәтижесімен бағалануы керектігін атап өтті.

 

Дайындады: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: Ибраев А.М.

Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: