Жаңа мектептер, заманауи ауруханалар, қолжетімді спорт нысандары. Өңірдің алдағы бес жылдағы әлеуметтік дамуы қандай бағытта өрбиді? Осы мәселелер «Әділет» партиясының Абай облысы бойынша 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында партиядан мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидаттардың Ардагерлер кеңесі өкілдерімен кездесуінде талқыланды.
Кездесуге «Әділет» партиясынан мәслихат депутаттығына ұсынылған кандидаттар Ұлан Сағадиев, Мерей Қарт, Әйгерім Жұмақанова, Мұхит Тұрсынов және Думан Орынбеков қатысты. Жиын барысында кандидаттар партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, облыстың әлеуметтік дамуына қатысты мәселелерді талқылады.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Әлин мемлекет мүддесін қолдайтын, елдің дамуына үлес қосуға дайын азаматтардың қоғамдық іске араласуы маңызды екенін атап өтіп, кездесуге қатысушыларға қолдау білдірді. Кездесу барысында кандидаттардың сайлауалды штабының мүшелері білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бағыттарындағы жоспарларға жеке тоқталды.
Спикер Мерей Қарт білім беру саласындағы міндеттерді таныстырды. Бағдарламада 2031 жылға дейін облыста 5 200 орындық 8 мектеп салу, 20 білім беру нысанын күрделі, 322 нысанды ағымдағы жөндеуден өткізу, STEM және пәндік кабинеттер санын арттыру көзделген. Ал Әйгерім Жұмақанова денсаулық сақтау саласындағы басымдықтарды атап өтті. Атап айтқанда, Семей қаласында 300 орындық облыстық көпбейінді аурухана мен 200 орындық балалар ауруханасын салу, ауылдық елді мекендердегі медициналық инфрақұрылымды дамыту жоспарланған.
Кандидат Думан Орынбеков әлеуметтік ынтымақтастық пен бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне тоқталды. Сайлауалды бағдарламада 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, 9 спорт модулін және 3 жүзу бассейнін салу, тұрғындардың спортпен тұрақты айналысу үлесін 53 пайызға дейін жеткізу міндеті белгіленген.
Өңірдің дамуы нақты нәтижелермен өлшенуі керек. Жаңа мектеп балалардың сапалы білім алуына, заманауи ауруханалар медициналық көмектің қолжетімді болуына, ал спорт нысандары тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасауы тиіс. Сондықтан әрбір жоспардың орындалуы мен оның халықтың күнделікті өміріне беретін пайдасы маңызды деген ой кездесу барысында көтерілді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, ардагерлер өңірдің әлеуметтік дамуына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Дайындады: «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының баспасөз қызметі
Тапсырыс беруші: Ибраев А.М.
Абай облысы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді