Шар жаңарып келеді: қала келбеті мен инфрақұрылымы қалай өзгеруде?

461

Абай облысы Жарма ауданының Шар қаласында соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Негізгі назар жолдарды жөндеуге, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын жаңартуға, сондай-ақ қоғамдық орындарды абаттандыруға аударылған.

Мәліметке сәйкес, жұмыстар 2023 жылы әзірленген қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жол картасы аясында жүргізіліп жатыр.

2023 жылы қалалық инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаражат бөлінді. Атқарылған жұмыстардың жалпы құны 575,8 млн. теңгені құрады. Атап айтқанда, Амангелді көшесіне орташа жөндеу жүргізіліп, орталық алаң абаттандырылды. Шағын футбол және балалар ойын алаңдары, сондай-ақ воркаут аймағы салынды. Бұдан бөлек, субұрқақ жөнделіп, қала мектептерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің ғимаратын күрделі жөндеуге 393 млн. теңге бөлінді.

2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін екі пәтерлі 11 жалдамалы үй сатып алынды.

Жол инфрақұрылымына да айтарлықтай көңіл бөлінді. «Шар — Кезеңсу» автожолының 3,7 шақырымдық учаскесі мен Карелин көшесінің 3,3 шақырымдық бөлігіне орташа жөндеу жүргізілді. Қала ішіндегі жолдар да жөндеуден өтті. Кіреберіс жолдың аркадан көпірге дейінгі 4,4 шақырымдық учаскесіне 152 көше жарығының бағаны орнатылды.

Әлеуметтік нысандарды жаңарту жұмыстары да жалғасты. Жарма технологиялық колледжінің шеберханасы мен жатақханасында жөндеу жүргізіліп, оқу орнының аумағы қоршалды. Қаладағы және жақын маңдағы ауылдардағы мектептер жөнделіп, Тұрсынов атындағы орта мектеп ғимаратында өнер мектебі ашылды.

Қалалық ауруханаға екі лифт орнатылды. Жаңа туған нәрестелерге аудиоскрининг жүргізуге арналған аппарат пен таразы сатып алынды. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтер орталығының бөлімшесіне инватакси алынды.

2025 жылы Шарды дамытуға 1 млрд. 328,5 млн. теңге қарастырылды. Тұрғын үй жобалары аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін тағы 16 екі пәтерлі жалдамалы үй сатып алынды. Теміржолшылар сквері абаттандырылып, Тұрғанбаев көшесінде балалар ойын алаңы жабдықталды. Ал Тұрғанбаев және Әлібасов көшелерінде шағын футбол мен воркаут алаңдарын салу жұмыстары аяқталды.

Білім беру нысандарын жаңартуға да назар аударылды. Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің аумағы қоршалды, Көшек негізгі мектебінің терезелері ауыстырылды, Карелин атындағы орта мектептің шатыры жөнделді. Ал Тұрсынов атындағы орта мектеп пен мектеп жанындағы интернаттың жылыту жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Жылдың ірі жобаларының бірі — қалалық мәдениет үйін күрделі жөндеу. Бұл мақсатқа 407,2 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар жүзу бассейнінің құрылысы басталды. Өтпелі жобаға 200 млн. теңге бағытталды.

2026 жылы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Осы мақсаттарға 1 млрд. 606,7 млн. теңге қарастырылған.

Қаланың орталық көшесінде құны 138,2 млн. теңге болатын аллея абаттандырылды. Субұрқаққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, Сарыарқа ауылында шағын футбол және балалар ойын алаңдары салынды.

Басым бағыттардың бірі — жолдарды жөндеу. Сарыарқа ауылында ұзындығы 1,2 шақырым автожол учаскесіне орташа жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Тәуелсіздік көшесінің 3,36 шақырымдық, Сүлейменов көшесінің 0,92 шақырымдық, Бигөзұлы көшесінің 0,86 шақырымдық және Әубәкіров көшесінің 0,78 шақырымдық учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға жалпы 621,7 млн. теңге бөлінді. Бұдан бөлек, қаладағы басқа да жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қоқыс шығару және рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою жұмыстары ұйымдастырылды.

Білім беру саласын жаңарту да жалғасуда. Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің аумағында ойын, волейбол және баскетбол алаңдары жабдықталды. Қобдықов және Тұрсынов атындағы мектептердің ғимараттарында жөндеу жүргізіліп, Карелин атындағы орта мектептің шатыры жөнделді.

Денсаулық сақтау саласында Шар қалалық ауруханасының емханасы мен қабылдау бөлімінің жылыту жүйесі күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар қалада шағын футбол және балалар ойын алаңдарын салу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қала дамуына бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Мәселен, 2023–2024 жылдары Шарды дамытуға жалпы 2 млрд. 197,6 млн. теңге бағытталса, 2025–2026 жылдары бұл көрсеткіш 2 млрд. 935,3 млн. теңгеге жетті. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, қаржыландыру көлемі шамамен үштен бірге өскен.

Атап айтқанда, 2026 жылы қаланы дамытуға өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға көп қаражат қарастырылған: 2025 жылы — 1 млрд. 328,5 млн. теңге болса, 2026 жылы — 1 млрд. 606,7 млн. теңге.

«Шар жыл сайын жаңарып, көркейіп келеді. Соңғы үш жылда қаланың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымында айтарлықтай оң өзгерістер болды. Жөнделген жолдар, жаңартылған мектептер мен әлеуметтік нысандар, абаттандырылған қоғамдық орындар, жаңа спорт алаңдары мен тұрғын үй жобалары — осы өзгерістердің айқын көрінісі. Атқарылып жатқан жұмыстар қала тұрғындарының күнделікті өміріне қолайлы жағдай жасап, қаланың одан әрі дамуына берік негіз қалайды», — делінген хабарламада.

Бүгінде Шардың дамуы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсартуға және қолайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған. Жолдарды жөндеу, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарын жаңарту, спорт және қоғамдық кеңістіктерді дамыту — қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін маңызды шаралар.

Жоспарланған жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру алдағы уақытта Шар инфрақұрылымын жаңғыртуды жалғастырып, тұрғындар үшін бұдан да қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: