Семейліктерді кибералаяқтардан қалай қорғауға болады: облыс прокуроры «Abai IT-Valley» технопаркімен танысты
Абай облысының прокуроры Нұрсұлтан Рақышев IT-технологияларды дамытуға арналған өңірлік алаң — Әлихан Бөкейхан атындағы университет базасында цифрлық даму министрлігі мен елордалық «Astana Hub» технопаркінің қолдауымен құрылған «Abai IT-Valley» технопаркіне барды.
Семейлік IT мамандары қонақтарға технопаркте жүзеге асырылып жатқан жастардың IT құзыреттерін дамытуға, білікті мамандар даярлауға және инновациялық идеяларды жүзеге асыруға жағдай жасауға бағытталған білім беру және технологиялық жобаларды таныстырды.
Кездесуде киберқауіпсіздік пен цифрлық сауаттылық мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар қатысушылар соңғы жылдары ерекше өзекті болып отырған заманауи киберқауіптер, дербес деректерді қорғау, интернет-алаяқтықтың алдын алу және азаматтардың цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету жөніндегі сауаттылығын арттыру мәселелерін талқылады.
«Мемлекет басшысы елімізде цифрлық трансформация жылын жариялаған биыл заманауи цифрлық шешімдерді дамыту, білікті IT мамандарын даярлау және азаматтардың ақпараттық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері айрықша маңызға ие. Облыс прокуроры цифрландыру, киберқылмыстың алдын алу және заманауи технологияларды енгізу бағыттарында мемлекеттік органдар мен IT қауымдастықтың өзара іс-қимылы маңызды екенін атап өтті», — делінген хабарламада.
Сапар қорытындысы бойынша цифрландыру және киберқауіпсіздік салаларындағы одан әрі ынтымақтастық пен бастамаларды іске асыру мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
IT саласын дамыту және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру Абай облысында заманауи әрі қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Соңғы жаңалықтар