Абай облысындағы өртті сөндірген орманшылар президенттің марапатына ие болды

78

Бүгін экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы орман өртін сөндіруге қатысқан қызметкерлерге марапаттар табыстады.

«2026 жылғы 16 шілдеде „Семей орманы“ аумағында болған ірі орман өртін сөндіру кезінде қызметкерлердің кәсібилігі, жауапкершілігі мен табандылығы елеусіз қалған жоқ», — деп атап өтті экология министрлігінде.

Салтанатты шара барысында қызметкерлерге президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаттары, «Құрмет» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медальдары табысталды.

«Абай облысындағы орман өртін жою кезінде қызметтік борышына адалдығы, көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Сіздердің жедел әрекеттеріңіз, кәсібиліктеріңіз бен шешімділіктеріңіз табиғи апаттың таралуына жол бермеуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесті», — делінген президенттің алғыс хатында.

Еске салайық, 2026 жылғы 28 шілдеде «Семей орманы» МОТР-ындағы орман өрті толықтай сөндірілді. Өрт 16 шілдеде сағат 10:00 шамасында резерваттың Бородулиха филиалы Камышенское орманшылығының 57-кварталында басталған болатын.

Ол кезде экология министрлігі өрт шарпыған аумақтың көлемін нақтыламаған еді. Алайда бұған дейін ведомствоның экс-басшысы Ерлан Нысанбаев өрттің алдын ала жалпы аумағы 370 гектарды құрағанын хабарлаған.

Кейін Абай облысының ТЖД орман өрті фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері — ауыр зардаптарға әкеп соққан не аса ірі залал келтірген отты немесе өзге де қауіптілігі жоғары көздерді абайсызда пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын ресми түрде хабарлады.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: