Қазақстанда 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлауға қайтадан рұқсат берілді

192

Жақында оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың 1 қыркүйекте мектеп аумағында мұғалімдерге гүлдер мен басқа да сыйлықтар беруге жол берілмейтіні туралы мәлімдемесі білім күніне дайындалып жатқан ата-аналардың арасында кеңінен наразылық туғызды.

«Біз тиісті хаттарды жергілікті атқарушы органдарға жолдадық. Мектеп қабырғасында гүлдер мен қандай да бір сыйлықтар беруге жол берілмейді. Біз мұны бөлек жаздық. Сондықтан бұған қажеттілік жоқ», — деген еді Шынар Ақпарова ОКҚ брифингінде.

Бұл жағдайға саясаттанушы Ғазиз Әбішев пікір білдіріп, мұғалімдердің басым бөлігі әйелдер екенін, оның айтуынша, білім беру жүйесі (сондай-ақ сайлау жүйесі де) негізінен солардың еңбегіне сүйенетінін атап өтті.

«Кейбір ата-аналар баласының бірінші рет бірінші сыныпқа барған кезде алғашқы мұғаліміне гүл сыйлағанын қалайды. Өйткені олар өздері де кезінде гүл алып барған, олардың ата-аналары да гүл алып барған. Себебі көптеген отбасылардың бірнеше ұрпағы мұғалімді ең құрметті мамандық деп санаған», — деді саясаттанушы.

Ол сондай-ақ мұндай шектеулер 8 наурызда да қолданыла ма және сол әйел мұғалімдерге гүл сыйлауға бола ма деген сұрақ қойды. Егер 8 наурызда гүл сыйлауға рұқсат етілсе, онда 1 қыркүйекте неге болмайды деген мәселе көтерді.

«Жарайды, оқу-ағарту министрлігі өз ұстанымына сүйеніп, сапта тұрған бірінші сынып оқушысының қолындағы гүл шоғын ереже бұзушылық деп шешті делік. Мақсат — гүлмен барғысы келмейтін немесе оған мүмкіндігі жоқ адамдар өзін ыңғайсыз сезінбеуі. Бұл — көпжылдық дәстүрлерге қарсы әлеуметтік бағытталған микробақылау. Ал қоғамда гүл әкелмеген адамды шеттететіндей айтарлықтай стигма жоқ сияқты. Кім қаласа — гүл сыйлайды, қаламаса немесе мүмкіндігі болмаса — сыйламайды. Мен гүлді міндетті деп санамаймын және оны сыйламаған адамдар туралы жаман ойламаймын. Бірақ гүл сыйлағысы келетін адамның өз таңдауын құрметтеймін», — деп қосты Ғазиз Әбішев.

Бүгін оқу-ағарту министрлігі бұл мәселеге қатысты жаңа мәлімдеме жасап, 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлау — жақсы дәстүр екенін атап өтті. Алайда бұл дәстүр міндетке, жарысқа айналмауы және артық шығынға себеп болмауы тиіс.

«Ең бастысы — гүл шоғының көлемі мен бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау туралы шешім әр баланың және оның ата-анасының ерікті таңдауы болып қалуы керек. Білім беру ұйымдары гүлдер немесе сыйлықтар сатып алуға бастамашы болмауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы немесе ата-аналарға мұндай міндет жүктемеуі тиіс. Біздің мақсатымыз — оқу жылының алғашқы күнін артық сән-салтанатсыз, жылы атмосферада өткізу, оның тәрбиелік мәнін сақтап, балаларға мұғалімді құрметтеуді, қарапайымдылық пен мейірімділікті үйрету», — деп атап өтті министрлік.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: