Абай облысы Ақсуат ауданындағы Ойшілік ауылында 2009–2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында Уәли Құрманғалиұлын еске алуға арналған дзюдодан I ашық облыстық турнир өтті.
Уәли Құрманғалиұлы — облыс әкімі Берік Уәлидің әкесі.
Жарыс өтіп жатқан жерден «Абай ақпарат» редакциясындағы әріптестеріміздің хабарлауынша, екі күнге созылған турнирге еліміздің әр өңірінен 160-тан астам жас спортшы қатысты. Олардың арасында халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегерлері, әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сондай-ақ Азия ойындарының жүлдегерлері бар.
«Турнирдің ашылу салтанатында Уәли Құрманғалиұлының жұбайы мен ұлы жарысқа қатысушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта бұл турнирді жыл сайын тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті», — делінген хабарламада.
Жарыс жеңімпаздары арнайы естелік медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Еске салайық, Берік Уәлидің әкесі Уәли Құрманғалиұлы 2024 жылғы 9 желтоқсанда 74 жасында дүниеден өтті.