Семей маңындағы тас жолда жолаушылар автобусы аударылды

28

Өткен сенбі, 31 қаңтар күні шамамен сағат 10:00–де «Семей — Қайнар» автожолының 62-шақырымында, Знаменка ауылының маңында жол-көлік оқиғасы орын алды. Белгілі болғандай, 52 жастағы жүргізуші басқарған «SETRA» маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып, кюветке аударылып құлаған.

Куәгерлердің айтуынша, автобус «Суздаль» кенішінің қызметтік көлігі болған. Бұл ақпаратты полиция департаменті де растады. Олардың мәліметінше, автобус салонында вахтаға бара жатқан 50 жұмысшы болған.

Оқиға салдарынан жолаушылар дене жарақаттарын алған, алайда олардың өміріне қауіп жоқ екені атап өтілді.

«Суздаль» кенішінде де аталған ақпарат расталып, вахта ауысымы кезінде мердігер ұйымның автобусы «Семей қаласы — Суздаль учаскесі» бағытымен келе жатып жол-көлік оқиғасына ұшырағаны хабарланды.

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жүргізуші бұрылыста көлікті басқара алмай, соның салдарынан автобус аударылған. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғасы кезінде біздің қызметкерлер зардап шекті. Барлық зардап шеккен әріптестер Семей қаласының жедел медициналық көмек ауруханасына жеткізілді, оларға қажетті білікті медициналық көмек көрсетілуде. Кеніш басшылығы зардап шеккендер мен олардың жақындарына шынайы жанашырлық білдіреді. Жағдай ерекше бақылауға алынды, автобуста болған барлық адамдарға материалдық және құқықтық қолдау көрсетіледі», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ кеніш басшылығы қызметкерлердің қауіпсіздігі сөзсіз басымдық екенін атап өтіп, тергеу қорытындысы бойынша кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: