Бүгін кешке семейліктер Солтүстік кенті маңында болған қатты жарылыстың куәсі болды. Алдымен тұрғындар Сосновая көшесіндегі көлік жуу орнынан ашық отты байқаған… арада бірнеше сәт өткен соң айналаны дүр сілкіндірген жарылыс болды.
Абай облысының ТЖД мәліметінше, алдымен газ-ауа қоспасы тұтанып, кейін газ тасымалдайтын көлік жарылған. Соның салдарынан өрт көлік жуу орнын түгел шарпып, жапсарлас орналасқан екі жеке үйге тараған.
Оқиға салдарынан екі адам күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
«Өртті сөндіруге ТЖД, ПД, ЖМЖА және „Зеленстрой“ ЖШС күштері мен құралдары жұмылдырылды. Барлығы шамамен 90 адам және 30 техника тартылды», — деп хабарлады ведомство.
Қазір өрт толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.