Семейде екі сыныптастың жанжалы ауыр жарақатпен аяқталды

132

Өткен аптада Семей қаласының Водный кентінде орналасқан №52 орта мектептің 9-сыныбында оқитын екі сыныптастың арасында жанжал болған. Оқиға соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін еді. Алайда ең ауыр салдарға жол берілмей, он шақты пышақ жарақатын алған жасөспірімнің өмірін дәрігерлер сақтап қалды.

«КТК» телеарнасындағы әріптестеріміздің мәліметінше, 13 жастағы екі сыныптас пышақ қолданылған жанжалға қатысқан. Ауыр жарақат алған жасөспірім қазір ауруханада жатыр.

«Қазір олардың біреуі үйде емделіп жатыр, ал екіншісі бүгін жансақтау бөлімінен шығарылды. 13 жастағы екі оқушы бірге күреспен айналысып, дос болған. Сол күні сабақтан кейін олар жылқы мінуді үйренуге дайындалған болуы мүмкін. Алайда бәрі қанды жанжалға ұласып, олардың бірі екіншісіне пышақпен тап берген. Үсті-басы қанжоса болған бала әпкесінің үйіне қашып барған», — дейді телеарна тілшісі.

Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, дәрігерлер оларға баланың 10-15 жерінен пышақ жарақатын алғанын хабарлаған. Оның сөзінше, інісін жай ғана ойнауға шақырған, ол мұның соңы не болатынын тіпті білмеген. Жасөспірім жақындарына тек қашып үлгергенін айтқан.

«Пышақ жарақатын алған сыныптастар жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Олардың бірінің кесілген жарақаттары жеңіл болғандықтан, үй жағдайында емделуге жіберілді. Ал қансырап жатқан екінші оқушыға шұғыл түрде ота жасалды. Қазір баланың жағдайы жақсарғанымен, алған жарақаттары әлі де ауыр», — деп қосты «КТК» телеарнасы.

Қанды төбелестің салдары университет госпиталінде белгілі болды — дәл осы жерде дәрігерлер ауыр жарақат алған жасөспірімнің өмірін сақтап қалды.

«Пышақ жарақаттары іш қуысына өткен. Оң жақ бүйрек паренхимасы мен үлкен шарбы зақымданған, іш қусына қан кетіп асқынған. Денесі мен аяқ-қолында көптеген пышақ жарақаттары бар. Бірінші дережелі геморрагиялык шок. Қарқынды терапия бөлімшесінде шұғыл диагностикалық және емдік шара жургізілді. Ота төрт сағатқа созылды. Қазір баланың жағдайы тұрақты, ол балалар хирургиясы бөлімшесіне ауыстырылды», — деді педиатрия жөніндегі директордың орынбасары Дулат Кәрімов.

Ал №52 мектепте оқушылардың бұған дейін күмәнді немесе тәртіпке қайшы әрекеттері байқалмағанын атап өтті. Мұғалімдер екеуін де тәртіпті әрі тәрбиелі оқушылар ретінде сипаттап, олардың арасында төбелестің не себепті болғанын түсінбей отыр.

«Екі бала да мектепішілік те, қалалық та есепте тұрмаған, қандай да бір құқық бұзушылық бойынша тіркелмеген. Екеуі де бір сыныпта оқиды. Олар жақсы достар. Біздің естуімізше, болған жағдай аяқ астынан туындаған түсініспеушіліктің салдарынан болған. Бәрі мектептен тыс жерде, үйлеріне қайтқаннан кейін болған», — деді «КТК» телеарнасына мектеп директорының тәрбие-ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Гүлжан Сағымғали.

Абай облысының білім басқармасы редакциямызға бұл оқиғаның 2026 жылғы 10 қыркүйекте сабақтан тыс уақытта және мектеп аумағынан тыс жерде болғанын хабарлады.

«Нәтижесінде кәмелетке толмаған екі бала медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек алу үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Жағдай білім басқармасының бақылауында. Білім беру процесіне қатысушылармен тиісті профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде», — делінген редакция сауалына берілген жауапта.

Абай облысының полиция департаменті де бұл оқиғаға қатысты редакциямызға түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Оның аясында болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

«Тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке қою, сондай-ақ олардың заңды өкілдерін балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Түпкілікті процестік шешім тергеу нәтижелері бойынша қабылданады», — делінген сауалға берілген жауапта.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: