Абай облысында ірі дала өрті сөндіріліп жатыр: ШҚО мен Павлодар облысынан күштер көмектесуде

145

Абай облысының Аягөз ауданында, Мыңбұлақ ауылдық округіне қарайтын Арасан учаскесінің аумағындағы ашық таулы жерде құрғақ шөп пен бұталар өртенді. Аудан әкімдігінің мәліметінше, өрт 2026 жылғы 10 қыркүйекте тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің жалпы аумағы 200 гектарды құрайды: оның 60 гектары таудың солтүстік беткейінде, тағы 140 гектары оңтүстік беткейінде.

Алайда Абай облысының ТЖД есебінде өрт 2026 жылғы 11 қыркүйекте сағат 12:35–те болғаны және оның аумағы 50 гектарды құрайтыны көрсетілген.
 
Егер жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД мәліметтері бір-біріне сәйкес келмесе, ТЖМ есебінде өрттің аумағы мүлде көрсетілмеген. Министрлік тек қазіргі уақытта оқиға орнында 95 адам мен 26 техника жұмыс істеп жатқанын хабарлаған.
 
«Өртті жоюға Абай облысының ТЖД, жергілікті атқарушы органдар және „Тарбағатай“ мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің күштері жұмылдырылды. Оқиға орнына қосымша күштер де жіберілді: Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан 57 адам мен 16 техника тартылды», — делінген министрліктің сағат 19:00–дегі ақпаратында.
 
ТЖМ елді мекендерге қауіп жоқ екенін атап өтті. Өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстарға таулы жер бедері, қатты жел мен құрғақ өсімдіктер кедергі келтіріп отыр.
 
Аягөз ауданының әкімдігі оқиға орнында ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күштерінен бөлек, Тарбағатай және Ай ауылдарындағы өрт сөндіру бекеттері, сондай-ақ «Семей орманы» резерватының «Тау-Дала» филиалы Аягөз орманшылығының күштері жұмылдырылғанын қосты. Бұдан бөлек, қосымша күш ретінде Үржар ауданынан және Семей қаласынан арнайы техника мен жеке құрам тартылды.
 
Ал Абай облысы ТЖД-ның соңғы мәліметіне сәйкес, өртті сөндіруге ТЖД-дан 63 адам мен 13 техника, жергілікті атқарушы органдардан 36 адам мен 14 техника, сондай-ақ орман шаруашылығынан 20 адам мен 3 техника жұмылдырылған.
 
«Оқиға орнына ТЖД күштері — 17 адам, 4 техника және 1 КШМ (командалық-штабтық машина), 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілері — 2 в/с және 1 техника, ШҚО ТЖД-дан 21 адам мен 6 техника, сондай-ақ Павлодар облысы ТЖД-дан 18 адам мен 6 техника жолға шықты», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: