«Семей орманы» резерватындағы ірі орман өрті толық сөндірілді: қылмыстық іс қозғалды

209

Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2026 жылғы 28 шілдеде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы ірі орман өртінің толық сөндірілгенін хабарлады.

Өрт 16 шілде күні сағат 10:00 шамасында резерваттың Бородулиха филиалына қарасты Қамышенка орманшылығының 57-кварталында басталған болатын.

Бұған дейін Абай облысының төтенше жағдайлар департаменті аталған орман өрті фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі (отпен немесе аса қауіпті басқа да көздермен абайсыз жұмыс істеу салдарынан ауыр зардаптарға не аса ірі залалға әкеп соғу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлаған еді.

Аталған баптың санкциясы бойынша 2000 АЕК-ке дейін (8 650 000 теңге) айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында», — деп хабарлады Абай облысының төтенше жағдайлар департаменті.

Экология министрлігі өрттің нақты аумағын жарияламады. Алайда бұған дейін ведомство басшысы Ерлан Нысанбаев алдын ала мәлімет бойынша өрт шамамен 370 гектар аумақты шарпығанын айтқан болатын.

Абай облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталып отыр. Өрт қауіпті кезең басталғалы бері 172 орман өрті, 3 дала өрті және 212 жану дерегі тіркелген.

Мамандардың айтуынша, табиғи найзағай разрядтарынан бөлек, өрттердің негізгі себебі адам факторы болып келеді. Атап айтқанда, тыйым салынған жерлерде от жағу, құрғақ шөп пен қоқысты өртеу, сондай-ақ сөндірілмеген темекі тұқылы мен сіріңкені тастау өрттің шығуына себеп болады.

Экология министрлігінің соңғы мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 20 шілдеде «Семей орманы» резерваты аумағында 41 өрт ошағы тіркелсе, 21 шілдеде — 13, 22 шілдеде — 3, ал 24 шілдеде 2 орман өрті тіркелген.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: