Семейде полиция көліктерін өртеген зейнеткерге үкім шықты

495

Семейде бүкіл Қазақстан жұртшылығының назарын аударған оқиғаға қатысты сот үкімі шықты. Сот учаскелік полиция пунктінің жанында полиция қызметкерлерінің автокөліктерін өртеген зейнеткерге қатысты қылмыстық істі қарады.

Еске салсақ, 2026 жылғы 25 қаңтарда сағат 18:00 шамасында бұрын сотталған 66 жастағы семейлік мас күйінде учаскелік полиция пунктінің жанында полиция қызметкерлеріне тиесілі «Chevrolet Cobalt» және «Changan» маркалы екі автокөлікті өртеп жіберген.

Сол кезде полицияның хабарлауынша, учаскелік инспекторлар «Юность» шағын ауданында қызметтік аумақты аралау барысында қоғамдық тәртіпті бұзып, мас күйінде болған жергілікті тұрғынды ұстаған.

Полиция бөлімінде ер адамға әкімшілік айыппұл салынып, кейін туыстарының қарауына тапсырылған. Алайда ол ұсталғанына ренжіп, біраз уақыттан кейін әдейі учаскелік полиция пунктіне қайта келіп, көліктерге бензин құйып, өрт қойған.

Араға жарты жыл салып, 23 шілдеде сот ер адамға екі жыл үш ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар сотталған азамат өртенген автокөліктер үшін шамамен 10 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Сотта ол кінәсін толық мойындап, сол күні гаражында бір бөтелке сыра ішкенін, кейін үйіне қайтып бара жатқанда учаскелік инспекторлар тоқтатып, полиция пунктіне жеткізіп, әкімшілік хаттама толтырғанын айтты. Ашуға булыққан ер адам кейін бензин құйылған канистрмен қайта оралған… одан кейінгі оқиға көпшілікке белгілі.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: