Семей тұрғыны Threads желісіндегі пікірлері үшін бас бостандығынан айырылды

210

Цифрландыру дәуірінде әлеуметтік желі қолданушылары кейде сөз бостандығы мен заң бұзушылықтың арасындағы шекараны аңғармай жатады. Алайда сот тәжірибесі интернеттегі заңға қайшы жарияланымдар үшін нақты жауапкершілік қарастырылғанын көрсетіп отыр.

Осындай жағдайға Threads әлеуметтік желісінде жариялаған пікірлері үшін діни араздықты қоздырды деп сотталған семейлік азамат тап болды.

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі (діни араздықты қоздыру) бойынша кінәлі деп таныды. Іс материалдарына сәйкес, ол бір жарым жыл бойы басқа қолданушылардың діни тақырыптағы жарияланымдарына пікір қалдырып отырған.

«Жанжал туғызу мақсатында ол қасақана ұлттық және діни араздықты қоздыруға, сондай-ақ азаматтардың дінге көзқарасы мен ұлттық белгілері бойынша ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға бағытталған пікірлер жариялаған», — деп хабарлады сотта.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өзіне бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Ал мемлекеттік айыптаушы оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.

Нәтижесінде сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оның шын жүректен өкінгенін, бұрын сотталмағанын, қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын, тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан оң мінездеме берілгенін, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқ екенін ескере отырып, оған екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: