Жедел штаб: ашық өрт ошақтары жоқ, жағдай бақылауда (фототоптама)

346

Бүгін, 2026 жылғы 18 шілдеде, Абай облысы Бородулиха ауданындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Камышенка орманшылығының 57-кварталында шыққан орман өртіне үшінші тәулік болды.

ҚР ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта ашық өрт ошақтары тіркелген жоқ, жағдай жедел штабтың тұрақты бақылауында.

«Барлық жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында өрттің одан әрі таралуына және елді мекендерге қауіп төнуіне жол берілген жоқ. Өрттің салдарын толық жою және қайта тұтану қаупін болдырмау мақсатында күштер мен құралдар күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда», — делінген хабарламада.

Оқиға орнында өртенген ағаштар мен орман төсеніштерін бөлшектеу, су себу және қайта тұтанудың алдын алу үшін топырақпен көму жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта әрекеттегі ашық өрт ошақтары тіркелген жоқ.

«Өрттің таралуына және жаңа өрт ошақтарының пайда болуына жол бермеу үшін өрт аумағының периметрі бойынша минералдандырылған жолақтар жасалып, қорғаныш жырту жұмыстары жүргізілді», — деп толықтырды ведомство.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына құрғақ найзағай разряды себеп болған.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: