Қорғаныс министрлігі Абай облысындағы орман өртін сөндіруге авиацияны жұмылдырды

296

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері Абай облысындағы ірі орман өртін сөндіру жұмыстарына қатысуда.

Өртті сөндіру жұмыстары өрт қаупінің аса жоғары деңгейі, аптап ыстық және жер бедерінің қолжетімсіздігі салдарынан күрделене түсті. Осыған байланысты ҚР ТЖМ бөлімшелерімен қатар ҚР Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары да жұмылдырылды.

Өрттің ең күрделі ошақтарын сөндіру бойынша негізгі жүктеменің бір бөлігі су төгу құрылғыларымен жабдықталған әскери авиация экипаждарына жүктелді. Әскери ұшқыштар өрт ошақтарына су төгіп, жердегі бөлімшелердің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауда.

«Қазіргі уақытта әуе қорғанысы күштерінің экипаждары өрт ошақтарына 30-дан астам мәрте су төкті. Бұл шамамен 57 тонна суға тең. Авиацияның жұмысының арқасында өрттің таралу қарқынын төмендетіп, оны жердегі бөлімшелердің одан әрі оқшаулауына мүмкіндік туды», — деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Төтенше жағдайды жою жұмыстарына ҚР Қорғаныс министрлігінің екі «МИ-17» және бір «МИ-171Ш» тікұшағы тартылған.

«Олар ТЖМ бөлімшелерімен және өзге де қызметтермен бірлесіп өртті сөндіру, сондай-ақ елді мекендер мен орман қорын қорғау бойынша міндеттерін орындауды жалғастыруда», — деп толықтырды ведомство.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: