Абай облысындағы орман өрті: балалар мен жергілікті тұрғындар эвакуацияланды

550

Бүгін таңертең біздің оқырманымыз алғашқылардың бірі болып дабыл қағып, Бородулиха ауданындағы Камышенка ауылының маңында орман өрті шыққанын хабарлады. Арада көп уақыт өтпей-ақ ҚР Экология министрлігі бұл ақпаратты ресми түрде растады.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 16 шілде күні сағат 09:45–те «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығының 57-кварталында орман өрті тіркелген.

Оқиға орнында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы құрылып, барлық жұмылдырылған қызметтердің жұмысын үйлестіруде.

Соңғы жедел мәлімет бойынша, өртті сөндіруге «Семей орманы» резерватының орман күзетінің 86 қызметкері мен 31 техникасы, ТЖМ-нің 38 қызметкері мен 10 техникасы, су төгу құрылғыларымен жабдықталған екі тікұшақ, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің «МИ-8» тікұшағы жұмылдырылған.

«Жалпы 101 полиция қызметкері, 25 қызметтік автокөлік, оның ішінде төрт автобус пен екі КамАЗ (вахталық автобус) тартылды. Қазіргі уақытта „Қазавиаорманқорғау“ РМК тікұшақтары су төгу құрылғылары арқылы 24 рет су төкті. Өрт ошағына қосымша күштер мен техника жіберіліп жатыр», — деп хабарлады Экология министрлігі.

Сонымен қатар, «KazInform» агенттігінің мәліметінше, өрт ошағына жақын орналасқан балаларды сауықтыру лагерінен қауіпсіздік мақсатында 190 бала мен 20 ересек адам эвакуацияланған.

Сондай-ақ Абай облысы полиция департаментінің соңғы мәліметіне сәйкес, полицейлер Камышенка ауылының шетіндегі 20 үйден барлығы 49 тұрғынды шұғыл түрде эвакуациялады.

«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт орнына баратын жолдар жабылды, өрт сөндіру, инженерлік және өзге де арнайы техниканың кедергісіз өтуі қамтамасыз етілді. Полицейлер жедел қызметтердің колонналарын алып жүруде, жол қозғалысын реттеп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, тұрғындар қалдырған мүлікті күзету шараларын қабылдауда», — деп толықтырды Абай облысы ПД.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: