Семей қаласының қоғамдық көлік паркі алғаш рет электробустармен толықты

660

Бүгін облыстық орталық мешіт аумағында Семей қаласының қоғамдық көлік паркін жаңарту мақсатында сатып алынған жаңа электробустардың таныстырылымы өтті.

«Bus Group» ЖШС №10 және №45 әлеуметтік маңызы бар бағыттарға қызмет көрсететін «Skywell NJL 6108 BEV» маркалы 15 электробус сатып алды.

«Жаңа электробустар 90 жолаушыны тасымалдауға арналған және жайлылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бір рет қуатталғаннан кейінгі жүріс қоры 350 шақырымға дейін жетеді. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін механикалық пандус қарастырылған. Салонда 26 жұмсақ орындық, өнімділігі сағатына 30 000 ккал болатын кондиционер, сондай-ақ жүргізушіге арналған жеке жылытқышты қоса алғанда жеті жылыту радиаторы орнатылған. Бұдан бөлек, тұтқаларға мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған USB-порттар орналастырылған», — деп хабарлады қала әкімдігі.

Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында электробустар салон ішінде және сыртында орнатылған алты интеллектуалды бейнебақылау камерасымен жабдықталған. Аккумулятор батареясы мен жылыту жүйесінің бөліктерінде орталықтандырылған өрт сөндіру жүйесі қарастырылған. Әрбір электробус салмағы 4 келіден екі өрт сөндіргішпен жабдықталған, ал жүргізуші кабинасы жартылай жабық үлгіде жасалған.

Жақын уақытта «Bus Group» ЖШС осындай тағы бес электробус сатып алуды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: