Семей көшелері шаң мен құмнан вакуумдық техниканың көмегімен тазартылмақ

45

Облыс орталығы біртіндеп заманауи коммуналдық техникалармен қамтылып келеді. Бұған дейін тек басқа қалалардан көріп жүрген мүмкіндіктер енді Семейде де қолданысқа енгізілуде.

Қаланың тазалығына жауапты «Зеленстрой» ЖШС-нің техникалық базасы төрт заманауи вакуумды сыпыру машинасымен және үш мамандандырылған қоқыс тасымалдаушы көлікпен толықты.

Вакуумды сыпыру машиналары көшелерді механикаландырылған тәсілмен тазартуға арналған. Арнайы щеткалардың көмегімен жол бетіндегі шаңды, құмды, жапырақтар мен ұсақ қоқысты жинайды, кейін қуатты вакуумдық жүйе оларды арнайы бункерге сорып алады. Сонымен қатар жаңа буын техникасы шаңның көтерілуін азайту үшін су шашады. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — көшелерді тазалайтын алып «қалалық шаңсорғыш».

Айта кету керек, мұндай техника кәсіпорын үшін таңсық емес. Қазіргі уақытта оның балансында 94 бірлік арнайы техника бар. Олардың қатарында «Сибирячка» жол шаңсорғыштары мен «Dulevo» сыпыру-тазалау машиналары да бар.

Әкімдіктің мәліметінше, жақын арада кәсіпорын тағы 14 бірлік арнайы техника сатып алуды жоспарлап отыр. Оның ішінде жыл бойы пайдаланылатын 10 аралас жол машинасы, бір автогрейдер, бір тиегіш және тротуарларды тазалауға арналған екі техника бар.

Айта кетейік, жуырда кәсіпорын өз күшімен кеңсесі алдындағы Қаржаубайұлы көшесіне асфальт төсеп, «ЗИЛ-130» ескерткішін алып тастап, оған іргелес аумақты абаттандырған болатын.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: