Абай облысындағы «Семей — РФ шекарасы» жолы жаңартылып, пайдалануға берілді

56

Абай облысында республикалық маңызы бар «Семей — РФ шекарасы» автомобиль жолының 111 шақырымында жөндеу жұмысы толық аяқталды. Осылайша Семей қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі маңызды көлік дәлізінің нормативтік техникалық жағдайы 100 пайызға жеткізілді.

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін жаңартылған автомобиль жолының ашылуына қатысып, өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталды. Аймақ басшысы көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру, транзиттік бағыттарды дамыту және сапалы автожол инфрақұрылымын құру мәселесіне ерекше назар аударды. Ол „Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл — еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі. Алдымызда республикалық және жергілікті деңгейдегі барлық жолдарды сапалы салуға қатысты аса маңызды міндет тұр. Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек“ — деп атап өткен болатын. Бүгін біз облысымыздың инфрақұрылымдық дамуындағы маңызды белеске куә болып отырмыз. Осы ауқымды жобаларды сапалы әрі мерзімінде аяқтаған „ҚАЖсервис“ ЖШС-нің ЖПБ-25 бөлімшесінің ұжымына, жол құрылысшыларына, мердігер ұйымдар мен барша мамандарға облыс жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін. Жаңартылған жолдар еліміздің игілігіне, өңіріміздің өркендеуіне ұзақ жылдар бойы қызмет етсін», — деді Берік Уәли.

Бұл жол өңір тұрғындарының қатынауы үшін ғана емес, Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк тасымалы мен сауда байланыстары үшін де маңызды. 2024 жылы аталған жол учаскесінің нормативтік техникалық жағдайы 40 пайызды ғана құраған.

Тәулігіне 1650-ден астам автокөлік өтетін бұл жол учаскесі өңір тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етеді. Жөндеу жұмыстары жолдың үш учаскесін қамтыды. Жол төсемінің төменгі және жоғарғы қабаттары жаңартылып, жиектері ретке келтірілді, жол таңбалары сызылды. Сонымен қатар су өткізу құбырлары жөнделіп, жаңалары орнатылды. Көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру үшін жол бойына малдың шығуына тосқауыл болатын 10 000 метр қоршау қойылды. Екі жаңа автопавильон орнатылып, демалыс алаңы жабдықталды.

Жолдың жаңаруы Бородулиха ауданының экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Новопокровка, Дмитриевка және Ауыл ауылдарындағы жол бойындағы қызмет көрсету орындарының жұмысын жандандыруға мүмкіндік туады. Осы бағытта алты кафе мен тоғыз автопавильон орналасқан.

Автомобиль жолы Ресей Федерациясымен шекарадағы «Ауыл» өткізу пунктіне жалғасады. Бұл — Абай облысының Ресеймен шекарасында орналасқан төрт өткізу бекетінің ішіндегі ең ірісі. Биыл өткізу пунктін қайта жаңарту жұмыстары басталып, оны келесі жылы аяқтау жоспарланған. Осы жұмыстар аясында шекара бекетінің алдында жүк көліктеріне арналған аумағы 2800 шаршы метр күту алаңы жасалды. Бұл өткізу пунктінің мүмкіндігін кеңейтіп, халықаралық жүк тасымалының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Өңірде республикалық маңызы бар жолдармен қатар облыстық және жергілікті жол желісін жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 212,6 шақырым автомобиль жолында орташа жөндеу жүргізілуде. Оның 41 шақырымы облыстық маңызы бар үш учаскеге, 91,4 шақырымы аудандық маңызы бар тоғыз учаскеге тиесілі. Бұдан бөлек, 20 елді мекендегі жалпы ұзындығы 80,2 шақырым болатын 80 көше жөнделіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: