Семейде «Semmai» күнбағыс майы өндіріле бастады

258

Семейде «Qazaq Astyq Group» ЖШС-нің тазартылған өсімдік майын құю және қаптау цехы ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, бас прокуратураның инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, облыс прокуроры Нұрсұлтан Рақышев және «Qazaq Astyq Group» ЖШС құрылтайшысы Әсемхан Досқожанов қатысты.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген өңір басшысы жаңа өндіріс орнының облыс экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті.

«Бүгін біз „Qazaq Astyq Group“ ЖШС-нің тазартылған өсімдік майын құю және қаптау цехының салтанатты ашылуына жиналып отырмыз. Өңіріміз үшін маңызды осы оқиғамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндірісті әртараптандыру және ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында соңғы жылдары Абай облысында жаңа кәсіпорындарды іске қосуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа цехтың ашылуы өңдеу саласының дамуына, отандық дайын өнім көлемінің артуына және азық-түлік нарығының сапалы тауарлармен қамтамасыз етілуіне ықпал етеді деп сенемін. Жобаны жүзеге асыруға атсалысқан инвесторларға, құрылысшыларға және кәсіпорынның барша ұжымына алғысымды білдіремін. Облыс әкімдігі өндірістік бастамаларды қолдау және инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады. Біздің мақсатымыз — жаңа кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және өңір экономикасына нақты үлес қосуына жағдай жасау. Жоба дайын өнімді құю мен қаптауды көздейді. Бүгінгі айтулы оқиға жаңа цехтың табысты жұмысының бастауы болсын. Алдағы уақытта кәсіпорын толық қуатына шығып, өнімі тұтынушылардың сеніміне ие болсын», — деді Берік Уәли.

Жаңа цех өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға және халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға үлес қосады деп күтілуде.

Жобаның жалпы құны — 8,4 млрд. теңге. Оны жүзеге асыру аясында 104 жұмыс орнын ашу көзделген. Цехтың өсімдік майын тазарту бойынша жобалық қуаты — тәулігіне 200 тонна тазартылған күнбағыс майы. Осылайша, жылдық өндіріс көлемі 73 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін.

Кәсіпорын өнімі Қазақстанның ішкі нарығына ғана емес, шетелге де жеткізіледі. Бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және өңірдің экономикалық байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералының айтуынша, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары инвесторлардың құқықтарын қорғаумен ғана шектелмей, өңір үшін нақты экономикалық нәтижелерге қол жеткізуді де көздейді.

«Қазіргі уақытта комитет еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Абай облысында прокуратураның қолдауымен жалпы құны 4,5 трлн теңгені құрайтын 110 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл көрсеткіштердің артында ауқымды инвестициялар, жаңа өндіріс орындары мен мыңдаған әлеуетті жұмыс орны тұр», — деді ол.

Айта кетейік, кәсіпорын өнімдері «Semmai», «Olala», «Jan Jar» және «Masloma» брендтерімен шығарылады.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: