Бүгін қала әкімі Әділет Қожанбаев журналистерге Семейдегі орталық алаңды жаңарту жұмыстарының барысы туралы айтып, бірқатар сұраққа жауап берді.
Қала әкімінің айтуынша, алаңда бірқатар жұмыс орындалған. Алайда олардың көбі жер астындағы инженерлік коммуникацияларға қатысты болғандықтан, көзге бірден байқала бермейді. Атап айтқанда, автоматты суару жүйесі орнатылып, субұрқақтың астындағы қажетті инфрақұрылым жабдықталған. Сондай-ақ электр желілері мен кәріз жүйесіне қатысты жұмыстар жүргізілген. Қазір жарық шамдарын орнату және тас төсеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң алаңның жалпы дайындық деңгейі шамамен 70–75%-ға жетеді.
«Қазір біз „жердің бетіне шығып“, тас төсеу жұмыстарына кірісіп жатырмыз. Осы жұмыстар аяқталған соң жалпы жұмыс көлемінің шамамен 70–75%-ы орындалады деп ойлаймын. Алдымызда көгалдандыру жұмыстары тұр… бірақ мойындау керек, қазір үлгермей жатырмыз. Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары көктемде аяқталады. Жоба аясында Еуропадан 400-ден астам ағаш әкелінеді, сондықтан оларды отырғызу жұмыстарын көктемде жүргіземіз. Жалпы, өзім айтқандай, негізгі жұмыстардың аяқталуға жақын екенін көріп отырсыздар. Көктемге дейін көгалдандыру және субұрқақтың өзін орнату жұмыстары ғана қалады. Қалғанының бәрі бақылауда, жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді Әділет Қожанбаев.
Айта кетейік, әкімдік жүргізген талдау нәтижесіне сәйкес, орталық алаң негізінен мемлекеттік мерекелер мен мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізу үшін пайдаланылады. Ал қалған уақытта қала тұрғындары бұл орынға көп келе бермейді.
Осыған байланысты қала билігі орталық алаңды жекелеген іс-шаралар өтетін орыннан тұрғындар мен қала қонақтары күнделікті демалып, кездесіп, уақыт өткізе алатын тартымды қоғамдық кеңістікке айналдыруды ұйғарған.
Әкімдікте көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Жоба жүзеге асқаннан кейін алаң аумағының шамамен 29%-ын жасыл желек алып, бұл микроклиматты жақсартып, жаз мезгілінде тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Жоба жүзеге асқаннан кейін Семей тұрғындары күн сайын пайдалана алатын заманауи қалалық алаң пайда болып, ол қаланың қоғамдық өмірінің нағыз орталығына айналады», — делінген хабарламада.