Республика күні: Семейде ұлттық мереке қалай аталып өтті?

114
Өткен жексенбіде, 25 қазанда, Қазақстанда елдің мемлекеттілікке қадам басуы мен тәуелсіздігін нығайтудың бастауын білдіретін ұлттық мереке — Республика күні аталып өтті.
 
Елордамен қатар еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде Абай облысында да мерекеге орай мемлекеттік туды көтеру рәсімі ұйымдастырылды. Семейде салтанатты шара Бейбітшілік аралында орналасқан жаңа мемлекеттік рәміздер алаңында өтті.

Патриоттық акцияға қатысқан облыс әкімі Берік Уәли жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтады. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, жастар, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатысты.
 
«Баршаңызды еліміздің басты ұлттық мерекесі — Республика күнімен және мемлекеттік туды көтеру салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін, тарихи күні біз мемлекеттік рәміздер алаңында бас қосып отырмыз. Бұл — Солтүстік Қазақстан облысының Абай Құнанбайұлының туған жеріне жасаған тартуы — „Абайға құрмет“ акциясы аясында салынған алғашқы нысан. Мұнда Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы орнатылған 35 метрлік тұғыр, сондай-ақ мемлекеттік елтаңба мен мемлекеттік әнұранның мәтіні орналастырылған. Еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында 35 метрлік ту тұғырының орнатылуы — тарихымызға деген құрмет әрі „Алаш“ қозғалысы қайраткерлерінің аманатына адалдықтың көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: „Тәуелсіздік — ең қымбат құндылығымыз. Оны сақтау және нығайту — әрқайсымыздың қасиетті борышымыз“. Бұл — әр азаматқа жүктелген үлкен жауапкершілік. Тәуелсіздікті нығайту, халық бірлігін сақтау және отан игілігі үшін еңбек ету — баршамызға ортақ міндет», — деді Берік Уәли.
 
Айта кетейік, ұлттық мерекеге орай Абай облысында патриоттық тәрбие беруге және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында салтанатты жиындар, мерекелік концерттер, дөңгелек үстелдер, зияткерлік ойындар мен спорттық жарыстар бар.

Мереке қарсаңында өңірде бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан пайдалануға беріліп, маңызды жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, Үржар ауданында заманауи бейнебақылау жүйесімен жабдықталған жедел басқару орталығы ашылды. Бородулиха және Үржар аудандарына жаңа жедел жәрдем көліктері табысталса, Семейде облыстық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен облыстың жеті ауданындағы кітапханалар жаңғыртылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Абай Құнанбайұлы атындағы кітапхананың көрермендер залына күрделі жөндеу жүргізілді. Аягөз ауданының Қопа ауылында заманауи спорт кешені ашылса, Бородулиха ауылында достық үйі жаңартылды.

Сондай-ақ мереке қарсаңында, 20 қазанда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телемост арқылы Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде мыс балқыту зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысып, ірі өнеркәсіптік кәсіпорын құрылысына бастау берді. Бұдан бөлек, Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған, 35 басылымнан тұратын «Мирас» балалар кітаптары топтамасы таныстырылды.

Мемлекеттік туды көтеру рәсімі «Мәңгілік жаса, қыран елім — Қазақстан» атты мерекелік концертпен жалғасты. Көрермендер алдында Қазақстанның халық әртісі Өмірқұл Айниязов, әнші Ұшқын Жамалбек, сондай-ақ «Ethno Arlan» және «Семсер» топтары өнер көрсетіп, Бейбітшілік аралында патриоттық рух пен мерекелік көңіл күй қалыптастырды.

Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: