Семейде 1400 орындық төрт қабатты BINOM мектебі салынып жатыр

1078

Семейде 1400 оқушыға арналған «BINOM» білім беру желісінің жаңа мектебінің құрылысы жалғасуда. Жалпы ауданы 12,2 мың шаршы метрден асатын төрт қабатты ғимарат заманауи оқу зертханаларымен, робототехника кабинеттерімен, шығармашылық шеберханалармен және оқушылардың жан-жақты дамуына арналған кеңістіктермен жабдықталады. Білім беру мекемесін келесі оқу жылының басында ашу жоспарланып отыр.

Жаңа мектеп «BINOM» білім беру желісіндегі оныншы мектеп болмақ. Құрылыс аяқталғаннан кейін Семей осы желі ұсынылған Қазақстанның үшінші қаласына айналады. Бұған дейін Астана мен Атырау қалаларында «BINOM» желісінің тоғыз мектебі салынған.

Жаңа мектепте оқушылардың жаратылыстану, техникалық және зерттеу дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Ғимаратта мамандандырылған оқу кабинеттері, физика, химия және биология зертханалары, сондай-ақ нано- және биотехнология зертханалары қарастырылған.

Заманауи технологияларды меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыру үшін оқушыларға робототехника кабинеттері, 3D-принтерлер орнатылған кеңістіктер, сондай-ақ металл және ағаш өңдеу шеберханалары жабдықталады. Мұндай инфрақұрылым оқушыларға теориялық білім алып қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға, зерттеулер жүргізуге, инженерлік ойлау қабілетін дамытуға және жобалық жұмыс дағдыларын меңгеруге мүмкіндік береді.

Дәстүрлі оқу кабинеттерінен бөлек, мектепте кинозалдар, телестудиялар, ойын бөлмелері, смарт-сыныптар, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг-аймақтар болады.

«Қарым-қатынас дағдыларын дамыту және ағылшын тілін тәжірибе жүзінде меңгеру үшін Speaking Club жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда. Ал TEDxBINOM алаңы көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға, өз идеяларын таныстыруға және оқушылардың көшбасшылық әлеуетін ашуға бағытталады», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ ғимаратта спорттық және мәдени іс-шаралар өткізуге арналған кеңістіктер жасақталады. Заманауи білім беру инфрақұрылымы академиялық дайындықты шығармашылық, зерттеу және практикалық қызметпен ұштастыруға, оқушылардың қабілеттерін ашуға қосымша мүмкіндіктер жасауға жол ашады.

Еске салайық, білім беру мекемесінің құрылысы биылғы жылдың шілде айының соңында басталған. Жобаның тапсырыс берушісі — Абай облысының құрылыс басқармасы, жобалаушысы — «Urban Structure» ЖШС, ал мердігері — «BI Group» компаниясы.

«Қазіргі уақытта құрылыс алаңында темірбетон бағаналар мен жабын плиталарын арматуралау және бетондау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысқа 70 маман тартылған, олардың басым бөлігі — жергілікті тұрғындар. Құрылысты аяқтап, мектепті келесі оқу жылының басында ашу жоспарланған», — делінген хабарламада.

Жобаның іске асырылуы облыс орталығындағы білім беру инфрақұрылымын кеңейтуге, қосымша оқушы орындарын ашуға және балалардың сапалы білім алуына, шығармашылық қабілеттерін дамытуына, сондай-ақ сұранысқа ие білім мен дағдыларды меңгеруіне заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: