Семейде 118 адам бас жоспарға енгізілетін өзгерістерді қолдады

396

Өткен аптада қалалық офицерлер үйінде Семей қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу жобасы бойынша қоғамдық талқылау өтті. Жиынға қала әкімі Әділет Қожанбаев, қоғам белсенділері мен тұрғындар қатысты.

Қала әкімі Семейдің одан әрі дамуы және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін бас жоспарға түзетулер енгізудің маңызын атап өтті.

«Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен бас жоспарға енгізілетін түзетулер аясында Семейде жаңа әкімшілік-іскерлік „Smart City“ орталығын құру, „Павлодар — Алматы“ айналма жолын салу, арнайы индустриялық-экономикалық аймақ орналастыру және басқа да ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделген», — деді Әділет Қожанбаев.

Сонымен қатар жоба аясында қала шекарасын нақтылап, Жарқын елді мекенінің аумағын қала құрамынан шығару ұсынылды. Бұл мәселе жергілікті тұрғындардың өтініштері негізінде қаралғаны айтылды.

«Град Проект KZ» ЖШС жобалау ұйымының өкілі Танат Шегебаев бас жоспарға түзетулер енгізу жобасының негізгі бағыттары мен қала құрылысына қатысты шешімдер туралы баяндама жасады.

Талқылау барысында тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары да тыңдалды.

«Бас жоспарға түзетулер енгізу жобасын әзірлеу биыл наурыз айында басталды. Осы уақыт аралығында азаматтардан 250-ден астам өтініш пен ұсыныс түсті. Олардың барлығы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жобалау ұйымының бірлесіп қарауынан өтті. Қоғамдық талқылау аясында дауыс беру ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша қатысушылардың басым бөлігі бас жоспарға өзгерістер енгізуге қарсылық білдірмеді», — деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Хаттамаға сәйкес, талқылауға 200 жеке және заңды тұлға қатысты. Дауыс беру қорытындысы бойынша 118 қатысушы өзгерістер енгізуді қолдады, 9 адам қарсы дауыс берді, тағы 13 адам қалыс қалды. Осылайша, қоғамдық талқылау өтті деп танылды.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: