Семей алғашқы суыққа қалай дайындалып жатыр?

33

Семейде үйлерге жылу беріліп жатқанына бір аптадан асты. Қазан айынан бастап 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы басталды. «Теплокоммунэнерго» МКК мәліметінше, қазіргі уақытта қаладағы барлық жылу көздері бекітілген температуралық кестеге сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Әлеуметтік нысандар жылумен толық қамтамасыз етілген. Қазір тұрғын үйлер жылу жүйесіне кезең-кезеңімен қосылып жатыр.

«Қаланың жылумен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық шаралар алдын ала қабылданды. Жылу желілерінің жағдайы тұрақты бақылауда. Қазіргі басты міндет — тұтынушыларға жылуды белгіленген режимде тұрақты әрі сапалы жеткізу», — деді кәсіпорын директорының орынбасары Жандос Қақибаев.

Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Теміржан Өкпеновтің мәліметінше, Семейде көмір қоры жеткілікті, тапшылық байқалмайды.

Халыққа көмір сататын бес ірі сауда нүктесі бар:

  • «Жігер» ЖШС — Восточный кенті
  • «Семей көмір» ЖШС — 654-шақырым, 15
  • «Нұралинов» ЖК — Батыс өнеркәсіп аймағы, 30/4
  • «Востокугольпром» ЖШС — Батыс өнеркәсіп аймағы, 13
  • «Жігер» ЖШС — Батыс өнеркәсіп аймағы, 25/1А (Знамен тасжолы)

«Көрсетілген сауда орындарында көмірдің бір тоннасының орташа бағасы — 18 500 теңге, жеткізуді қоса есептегенде — 21 500 теңге. Тұрғындар көмірді аталған мекенжайлардан қажетті көлемде сатып ала алады. Қыс маусымына алдын ала дайындалып, көмір қорын ертерек жинап алуға кеңес береміз», — деп толықтырды Теміржан Өкпенов.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: