Абай облысындағы эксперимент: мұнда апельсин мен мандарин қалай өсіріледі?

211

Ауа райы күрт континенттік климат жағдайында апельсин мен мандарин өсіру — әдеттен тыс көрінуі мүмкін. Алайда дәл осындай экспериментті Абай облысы Бесқарағай ауданындағы №1 орта мектептің оқушылары жүргізіп жатыр.

Мұнда оқушылар цитрус өсімдіктерінің көшеттерін өсіріп, олардың өсу ерекшеліктерін зерттеп, өсімдіктердің жыл бойы ғимарат ішінде дамуына қажетті жағдай жасауға тырысып жүр.

«Citrus Climate: күрт континенттік климат жағдайында цитрус көшеттерінің бейімделуі мен STEM ортасындағы өсу динамикасын зерттеу» жобасы — мектеп оқушылары айналысып жатқан экологиялық бағыттардың бірі ғана. Цитрус өсімдіктерінен бөлек, олар түрлі өсімдіктер өсіріп, мектеп аумағын көгалдандырумен қатар, су айдындарын тазартуға арналған технологиялық шешімдер әзірлеуде.

Оқушылар өз жобаларын «Таза Қазақстан» бағдарламасына арналған ашық сабақта таныстырды.

«Жасыл мекен» жобасы аясында оқушылар түрлі гүлдер мен өсімдіктерді өздері өсіріп, күтіп-баптайды. Осылайша мектеп кеңістігін біртіндеп көгалдандырып келеді. Бүгінде екінші қабаттағы дәліздерде оқушылардың өздері өсірген гүлдер жайқалып тұр. Мұндай жұмыс балаларға өсімдіктерге қамқорлық жасауды ғана емес, экологиялық білімдерін тәжірибеде қолдануды да үйретеді. Оқушылар гүлдердің өсуін бақылап, оларға дұрыс күтім жасауды үйренеді және өсімдіктердің дамуына қандай жағдайлар қажет екенін жақсырақ түсінеді.

Экологиялық жобалардың тағы бір бағыты — цитрус өсімдіктерін өсіру. Оқушылар апельсин мен мандариннің Бесқарағай ауданының жағдайына қаншалықты бейімделе алатынын зерттеп жатыр. Қысқы климаттың ерекшеліктеріне байланысты көшеттер ғимарат ішінде өсіріліп, оларға қажетті жағдай жасалады және өсу барысы бақыланады.

Жоба аясында арнайы STEM шамдары қолданылады. Олар өсімдіктерді қосымша жарықпен қамтамасыз етіп, оларды жыл бойы жабық жерде өсіру мүмкіндігін зерттеуге мүмкіндік береді.

9-сынып оқушысы Асылай Жұманбаеваның айтуынша, жоба барысында кездесетін негізгі қиындықтардың бірі — өңірдің қатал климаты.

«Бізде қыс өте суық. Сондықтан көшеттерді жыл бойы далада өсіру тиімсіз. Жобаны алдағы уақытта тиімді пайдалану үшін STEM шамдарын сатып алдық. Олардың көмегімен өсімдіктерді жыл бойы ғимарат ішінде өсіруге болады», — дейді оқушы.

Мектепте цитрус өсімдіктерінен бөлек, сирек кездесетін өсімдік түрлері де өсіріліп, олардың даму ерекшеліктері зерттеледі. Оқушылардың айтуынша, мұндай жұмыс туған өлкенің табиғи жағдайларын және өсімдіктердің әртүрлі ортаға бейімделу ерекшеліктерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.

Алайда мектеп оқушыларының экологиялық жобалары өсімдіктермен ғана шектелмейді. Жас зерттеушілер қоршаған ортаны қорғауға арналған шешімдерді әзірлеуде де технологияларды қолданады. Мысалы, «Био-тор» жобасы су айдындарындағы пластик пен ұсақ қоқысты жинауға арналған биомиметикалық құрылғы жасауды көздейді.

Тағы бір жоба — «Aqua Cleaner». Оның негізіне өзен шаянының құрылысы алынған. Осы табиғи үлгіге сүйене отырып, оқушылар су астындағы қоқысты жинауға арналған роботтандырылған кеме моделін әзірлеген.

Жобалармен жұмыс барысында оқушылар заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін де пайдаланады. Бұл оларға экологиялық мәселелерді зерттеп қана қоймай, оларды шешудің практикалық технологиялық жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.

Мектеп мұғалімі Динара Айкеннің айтуынша, экологиялық тәрбие адамның өз үйіне, мектебіне және туған жеріне қамқорлық жасаудан басталады.

«„Таза Қазақстан“ идеясы өз үйіңе, мектебіңе және туған жеріңе қамқорлық жасаудан басталады. Білімді және зерттеуге деген ұмтылысты жаңа деңгейге көтеруге көптеген мүмкіндік бар», — дейді педагог.

Жобалар таныстырылғаннан кейін мұғалімдер мен оқушылар аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстарына да қатысты. Яғни мұндағы экологиялық бастамалар зерттеу мен эксперименттермен ғана шектелмей, мектептің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып отыр.

Бүгінде оқушылардың жобалары өсімдік өсіру мен мектеп кеңістігін көгалдандырудан бастап, су айдындарын тазартуға арналған технологиялық шешімдер әзірлеуге дейінгі бірнеше бағытты қамтиды. Апельсин мен мандарин әзірге мектеп ішінде өсіп жатса да, оқушылардың идеялары бір кабинет пен дәліздің шеңберінен әлдеқашан шығып келеді.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: