Абай облысында Қазақстандағы алғашқы жаңа форматтағы жылыту пункті ашылды

159

Абай облысының Көкпекті ауданында, қатал ауа райымен танымал Байбура асуында Қазақстанда алғаш рет жаңа форматтағы заманауи жылыту пункті ашылды.

«Омбы — Майқапшағай» халықаралық автомобиль жолындағы «Байбура» жылыту пунктінің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли мен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.

Байбура тау асуында қатты жел, ұзаққа созылатын боран және қар үйінділері жиі болады. Осыған байланысты жаңғыртылған пункт жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушілер мен жолаушыларды уақытша орналастыруға, сондай-ақ жол-құрылыс арнайы техникасының жұмысын қамтамасыз етуге арналған.

Аталған жылыту пункті Қазақстанда осы форматта пайдалануға берілген алғашқы нысан екені атап өтілді.

«Нысанды жаңғырту жұмыстары биылғы мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілді. Мұнда 20 адамға арналған жылынып, демалатын орын, асхана, санитарлық тораптар және душ бөлмесі қарастырылған. Сонымен қатар екі техникаға арналған жылы ангар және құм мен көктайғаққа қарсы материалдарды сақтауға арналған сыйымдылығы 350 текше метр жабық қойма салынды. Аумақта тікұшақ алаңы да жабдықталды. Ол күрделі ауа райы жағдайында құтқару жұмыстарын жүргізу және жедел медициналық көмек көрсету үшін ерекше маңызды», — делінген хабарламада.

Қыс мезгілінде Байбура асуындағы күрделі табиғи-климаттық жағдайлар көлік қозғалысына айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, 2024 жылғы 16 ақпанда қатты боран кезінде осы учаскеде 126 көлік қар құрсауында қалып, 384 адамды құтқаруға екі МИ-17 тікұшағы жұмылдырылған болатын.

Ашылу салтанатында өңір басшысы мұндай нысандардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындап, автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Президент атап өткендей, автомобиль жолдары елдің экономикалық және әлеуметтік өмірінің маңызды артериясы болып табылады. Сондықтан жолдардың сапасы мен қауіпсіздігі тек жол жамылғысының жағдайымен шектелмейді. Жол бойындағы инфрақұрылымның, әсіресе төтенше жағдайларда азаматтарға қажетті көмек көрсетуге дайындығының маңызы зор. Жаңа „Байбура“ жылыту пункті — осы бағыттағы жұмыстың нақты нәтижесі. Біз үшін басты нәтиже — нысанның сыртқы келбеті немесе техникалық жабдықталуы ғана емес. Ең маңыздысы — жолда қиын жағдайға тап болған адам жылы әрі қауіпсіз жерде болып, қажетті көмек алып, жақындарына аман-есен оралуы. Бұл — адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған нақты жұмыс. Облыс тұрғындарының атынан көлік министрлігіне, „ҚазАвтоЖол“ ҰК АҚ-ға, мердігер ұйымдардың қызметкерлеріне, жобалаушыларға, техникалық және авторлық қадағалау мамандарына, жол қызметкерлеріне, құтқарушыларға және осы нысанның құрылысына үлес қосқан барша азаматқа алғысымды білдіремін», — деді Берік Уәли.

«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев өңірде жол инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Абай облысында бірқатар ірі жол жобасы жүзеге асырылуда. „Талдықорған — Өскемен“, „Қалбатау — Майқапшағай“, „Семей — Қалбатау“ автомобиль жолдары нормативтік жағдайға келтірілді. Соңғы жылдары жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Бүгінде облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың 80 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. „ҚазАвтоЖол“ ұлттық компаниясы сатып алған 1800-ден астам техниканың кемінде 10 пайызы Абай облысында орналасқан. Өңірдегі жолдардың жағдайын кезең-кезеңімен жақсарту жұмыстары жалғаса береді», — деді Дархан Иманашев.

Айта кетейік, жылыту пунктін жаңғырту «KAZ07» республикалық маңызы бар автомобиль жолының «ҚХР шекарасы — Майқапшағай — Зайсанның сыртымен — Қалбатау — Семей — Павлодар — РФ шекарасы» бағыты бойынша жүргізілді.

Жоба «Қалбатау — Майқапшағай» автомобиль жолының 906-шы шақырымынан 1321-ші шақырымына дейінгі учаскесін реконструкциялау кезінде үнемделген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

«Байбура асуында автомобиль жолының 40 шақырымы да реконструкцияланды. Үш көпір және 51 су өткізгіш құбыр салынды, 42 665 метр барьерлік қоршау және 425 жол белгісі орнатылды. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Қазір қардан қорғайтын қоршаулар мен су бұру науаларын орнату жұмыстары жалғасуда», — деп хабарлады әкімдік баспасөз қызметі.

Абай облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 044 шақырымды құрайды. Республикалық маңызы бар 447,5 шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 188 шақырымында реконструкция, тағы 259,5 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 222,6 шақырымында да орташа жөндеу жүргізілуде.

«Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2500-ден астам жол белгісі орнатылып, 4812 шақырым жолдағы жол таңбалары жаңартылды. Сонымен қатар жануарлардың жолға шығуын болдырмау үшін 13 шақырым қоршау, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге арналған және доңғалақ соққысын шектейтін қоршаулар орнатылды. Облыста 2865 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді», — деп толықтырды әкімдікте.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: