Семейде қала күнін мерекелеуге халықтың жартысына жуығы қатысты

5

20 қыркүйек, жексенбі күні Семейде «Семейді сүю — тарихқа бас ию» ұранымен өткен қала күнін мерекелеудің бір апталығы ауқымды шарамен қорытындыланды.

Жеті күн ішінде облыс орталығында 20-дан астам ірі мәдени, спорттық және танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Әкімдіктің қорытынды ақпаратына сәйкес, оларға 150 мың адам қатысқан. Бұл — қала халқының жартысына жуығы.

Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған бәйге, сондай-ақ аударыспақ, қол күресі, гір көтеру және арқан тартудан жарыстар өтті. Барлық сайыстарда қатысушылар күшін, төзімділігі мен ептілігін көрсетті.

Сонымен қатар «Семей батыры» күш экстримі турнирі мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Tungi Run — Semey» түнгі марафоны ұйымдастырылды. Балалар шығармашылық байқауы, қолөнер жәрмеңкесі мен спорттық жарыстар да қала тұрғындары мен қонақтарын біріктіріп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік апта Қарағайлы шағынауданындағы Республика алаңында өткен ауқымды open-air форматындағы гала-концертпен қорытындыланды. Сахнада Тұрар Ыдырыс, Айдана Меденова, AyRee, Ернар Амандық, сондай-ақ Қырғызстаннан Amirchik, Германиядан NaNa Darkman және Молдованың «O-Zone» тобының бұрынғы мүшесі Arsenium өнер көрсетті.

Сондай-ақ, Республика алаңына бара алмағандар үшін гала-концерттің тікелей трансляциясы орталық арбатта және Мұхтар Әуезов атындағы сол жағалаудағы алаңда ұйымдастырылды.

Мерекенің шарықтау шегі, әрине, үлкен отшашу болды. Ауқымы мен ұзақтығы жағынан да ерекше болған отшашу семейліктерді өзінің әсемдігімен тәнті етті. Қала күні биылғы ұйымдастырылу деңгейімен өз орнын айқындап үлгергендей. Алдағы мерекелер бұдан да ауқымды боларына сенімдіміз.


Соңғы жаңалықтар

Біздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызға жазылыңыз: